Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті соңғы 3 жылда ҚР ҚК-ның 217-бабы бойынша қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету бойынша 14 деректі анықтаған. Осы пирамидаларға 3 мыңнан астам салымшы қатысқан. Бұл жөнінде аталған департамент басшысының орынбасары Нұрбол Рахметов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында баяндады.
Қаржы пирамидасын құру және оны басқару – халықтың мүддесі мен құқығына әсер ететін күрделі экономикалық қылмыс. Соған қарамастан, жұртшылық қаржы пирамидаларының тұзағына түсуін тоқтатар емес. Салдарынан жеке қаражатынан айырылып, алаяқтық жүйенің олжасына айналуда. Осы орайда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің негізгі жұмысы – қаржы пирамидалары қызметінің жолын кесу және көлеңкелі экономиканы төмендету.
– Жыл сайын мұндай деректер бойынша бірнеше қылмыстық іс тіркеледі. Мәселен, биыл жаңа инвесторлардан тартылған қаражаттан жоғары ақы төленетін табыс алу бойынша қызмет көрсету деген желеумен «World Money» өзара көмек қоры» деген қаржы пирамидасын құрып, оның қызметін басқарған Б. Абдуғалеевке қатысты қылмыстық іс аяқталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қаржы пирамидасына 99 салымшы 13 575 200 теңге көлемінде қаражат салып, оның ішінде 30 азаматқа 2 601 300 теңге мүліктік залал келтірілгені анықталды. Сот Б. Абдуғалеевті кінәлі деп танып, қаржылық және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырды. Бұған қоса 3 жыл 6 ай мерзіміне бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Таяуда «Life is Good» қаржы пирамидасына қатысты соттың айыптау үкімі шықты. Осы істің аясында қылмыстық жолмен, яғни аталған пирамидадан алынған ақшаны заңдастыру бойынша эпизод анықталып, сот үкімі бойынша қылмыскерге қосымша айып тағылды.
Сонымен қатар «Chia Tai Pharmaceutical» қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерін ұйымдастыру дерегі бойынша 2 қылмыстық істі тергеу аяқталды. Салымшылардың ақшалай қаражаты фармацевтикалық компанияға және шетелдегі жаңартылатын энергия көздері компаниясына инвестиция түрінде тартылды. Осындай пирамидалар құрбандарының дені – облыс тұрғындары, табысы төмен, білім беру, денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейтіндер, зейнеткерлер және халықтың өзге де әлеуметтік осал топтары. Қаржы пирамидаларына жалпы саны 600-ден астам салымшы 700 млн теңгеге жуық қаражат салған, – деді Нұрбол Жолдасұлы.
Спикердің сөзінше, қаржы пирамидаларының өркендеуіне халықтың экономикалық сауаттылығының төмен деңгейі ықпал етеді. Қаржы пирамидасы – кейбір қатысушылардың кірістері басқа қатысушылардың ақшалай құюы арқылы қалыптасатындай етіп құрылған экономикалық схема. Олардың жұмысы жаңа мүшелер ағыны таусылғанға дейін және сәйкесінше олардың жобаға салған инвестициялары болғанша ғана жалғасады.
Кез келген пирамида шартты түрде бірнеше аптадан 2-3 жылға дейін ғана қызмет етеді. Осыған орай департамент қызметкерлері насихат жұмыстарын жүргізіп, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүргізуде. Еске сала кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 217-217-1 баптары бойынша қаржылық пирамидаларды жарнамалау және оның қызметін жүзеге асыру қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Қаржы пирамидалары заңсыз қызметінің барлық деректеріне мониторинг жүргізетін құрылымның сенім телефоны: 8 7112 53-84-27.
Аружан Аманжол
zhaikpress.kz