Нарықтық экономиканың дамуы жағдайында заңдылық пен қаржылық тәртіп мәселелері айрықша маңызға ие болып отыр. Алайда заңды бизнестің қатарында азаматтарды алдауға және заңнаманы өрескел бұзуға негізделген түрлі схемалар да пайда болуда. Олардың ең қауіптілерінің бірі – қаржылық пирамидалар.

Сурет: istockphoto.com
Қаржылық пирамида – кәсіпкерлік қызметке еш қатысы жоқ, заңсыз схема. Оның тіршілігі тек жаңа қатысушылардан қаражат түскен жағдайда ғана сақталады. Мұндай құрылымдар құқықтық тәртіптің негізін шайқалтып, экономикалық тұрақтылыққа зиян келтіреді әрі азаматтардың құқықтарын тікелей бұзады.
Заңсыз қызметтің белгілері
Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тәжірибесі көрсеткендей, қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушылар көбіне бірдей сценариймен әрекет етеді.
Бірінші белгі – қысқа мерзімде жоғары әрі кепілдендірілген табысты уәде ету. Шынайы экономикада тәуекелсіз инвестиция болмайды. Алайда пирамида ұйымдастырушылары бұл шындықты шебер жасырып, «ақша өздігінен жұмыс істейді» деген жалған сенім қалыптастырады.
Екінші айқын белгі – қаражат тартуға заңды негіздің болмауы. Мұндай «жобалардың» лицензиясы, тиісті қызмет түрлері бойынша тіркеуі, ашық бухгалтерлік есептілігі жоқ. Заңды құжаттардың орнына азаматтарға сөзге, таныстырылымдарға және өзін «көшбасшы», «серіктес» деп атайтын тұлғалардың эмоциялық үндеулеріне сену ұсынылады.
Үшінші ерекшелік – жаңа қатысушыларды серіктестік деген желеумен жүйелі түрде тарту. Мұнда сыйақы еңбек нәтижесі немесе қызмет көрсету үшін емес, жаңа салымшыларды әкелгені үшін төленеді. Бұл – схеманың заңсыз сипатын айқын көрсететін белгі.
Көбіне қаржылық пирамидалар криптовалютаға инвестиция, тұтыну кооперативі, маркетингтік платформа немесе қайырымдылық жоба ретінде жасырынады. Бірақ олардың мәні бір – кейін қосылғандардың қаражаты ертерек кіргендерге қайта бөлінеді.
Жауапкершілік – бұлтартпас
Қаржылық пирамидаларға қатысу тек ақшадан айырылу қаупі ғана емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілікке тартылу тәуекелі екенін түсіну маңызды. Мұндай схемаларды ұйымдастырып, үйлестірген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауап береді.
Кейбір жағдайларда пирамидаларды белсенді түрде насихаттаған, жарнамалаған және жаңа салымшыларды тартқан қатысушылар да жауапкершілікке тартылады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды, әсіресе азаматтарды жүйелі түрде заңсыз қызметке тартқан жағдайда.
Ағымдағы жылы Департамент қаржылық пирамиданы құру және басқару фактілері бойынша 3 қылмыстық істі, сондай-ақ оны жарнамалау бойынша 1 істі аяқтады. Пирамиданы құру және басқару үшін 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны жарнамалағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Азаматтарды күмәнді жобалар мен қаржылық пирамидаларға бастапқы кезеңдерде тартудың алдын алу мақсатында Департамент «Киберқадағалау» жүйесі арқылы интернет-сайттар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарға сілтемелерді бұғаттау жұмыстарын жүзеге асыруда.
Аталған жүйе заңға қайшы контенті бар парақшаларға, атап айтқанда қаржылық пирамидаларды жарнамалау, күмәнді инвестициялық жобаларға қатысуға шақыру және өзге де интернет-ресурстарға жедел түрде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, ағымдағы жылы Департамент тарапынан 536 сілтеме бұғатталды.
Сонымен қатар, Департамент азаматтарды қаржылық (инвестициялық) пирамидаларға қаражат салудың салдары туралы ескертуге бағытталған алдын алу іс-шараларын тұрақты негізде өткізіп келеді.
Аталған мақсатта биыл AFM Online «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы, «Қаржылық алаяқтықтан өзін қалай қорғауға болады» атты семинар, сондай-ақ «FinIQ» қаржылық диктанты ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларға білім беру және медицина саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілермен қатар зейнеткерлер, студенттер және халықтың өзге де осал топтарының өкілдері қатысты. Жалпы қамту 84 мыңнан астам адамды құрады.
Жастардың қаржылық қауіпсіздік дағдыларын дамыту мақсатында 1–15 желтоқсан аралығында 10–11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Qarzhy Saqshysy» интерактивті 2D ойыны өткізілді.
Облыс бойынша бұл ойынды 16 мыңнан астам мектеп оқушысы және 10 мыңнан астам колледж студенті ойнап шықты.
Бұдан бөлек, облысымыздағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық пирамидалардың және дропперліктің белгілерін анықтауға арналған 70-тен астам дәріс өткізілді.
Заң мен тәртіп – қаржылық қауіпсіздіктің тірегі
Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық пирамидалардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Алайда бұл жұмыстың тиімділігі азаматтардың өздерінің саналы ұстанымына тікелей байланысты.
Әрбір адам заңды қаржылық қызметтің әрқашан ашық, есепті және мемлекет тарапынан реттелетінін түсінуі тиіс. Құқықтық өрістен тыс ұсыныстар жеке әл-ауқатқа ғана емес, жалпы қоғамдық тәртіпке де қауіп төндіреді.
Заң мен тәртіпті сақтау, қырағылық және құқықтық нормаларға құрмет – қаржылық алаяқтардың жолындағы ең сенімді тосқауыл. Экономикалық тұрақтылық пен азаматтардың сенімін қорғау тек бірлескен күш-жігер арқылы мүмкін.
Егер сіз құқық бұзушылықтың куәсі немесе жәбірленушісі болсаңыз
Департамент Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, А.Қаримуллин көшесі 2/2 мекенжайы бойынша азаматтарды күнделікті жеке қабылдауды ұйымдастырған. Әрқайсыңыз тікелей жүгініп, өз байқағандарыңызбен бөлісіп, сұрақ қойып, білікті кеңес ала аласыздар.
Сонымен қатар халықпен жедел байланыс орнату үшін сенім телефоны жұмыс істейді:
8 (7112) 53-84-23. Бұл нөмір арқылы экономикалық саладағы ықтимал құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға болады.
Азаматтардан келіп түскен ақпараттың құпиялылығы мен қорғалуы толық қамтамасыз етіледі.
#Заң және тәртіп
А.Ғ.Әбенов,
департамент басшысы