14.06.2021, 19:49
Оқылды: 24

«Қаржыны білім саласына жұмсауға болады»

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте алдымен мектеп салу және мектепке инвеcторлар тарту туралы мәселе қаралды.

4

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің баяндауынша, өңірде 7 апатты жағдайдағы мектеп бар. Олар – Оралдағы №33, 31 және Казталов ауданындағы А.Оразбаева атындағы, Жұлдыз ауылындағы орта мектептер, Сарықұдық, Қоныс негізгі мектептері, Ақжайық ауданындағы М.Өтемісов атындағы мектеп ғимараттары. Осы нысандардың үшеуі бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оралда 300 орындық №18 мектептің құрылысының нөлдік циклі аяқталып, 1-қабаттың құрылысы басталуда. Бас мердігер құрылыс жұмыстарын жұмыс кестесінен озық жүргізуде. Құрылыс нысанының сметалық құны – 1 млрд 236 млн теңге, биыл 144 млн теңге республикалық, 900 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Құрылыс алдағы жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс. Келесі 300 орындық №33 мектеп ғимаратының құрылысы алдағы тамыз айында пайдалануға тапсырылуы керек. Құрылыстың бас мердігері бір ай бұрын жұмыс кестесінен сәл қалыс қалғанымен, қазіргі кезде барлығы жоспарға сай, нысан уақытында тапсырылмақ. Казталов ауданы орталығындағы А.Оразбаева атындағы апатты мектептің орнына салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысы былтыр басталды. Бас мердігер құрылыс жұмыстарын уақтылы жүргізуде, алайда жергілікті «МЖБК» зауыты темір-бетон құрамаларымен жабдықтап үлгермей отыр. Материалмен жабдықтауда ай жарымға қалыс қалып отыр. Мердігер материалдармен қамтылуда тоқталыс болмас үшін зауытқа 100 пайыз қаржысын алдын ала төледі. Құрылыс жұмыстарын жоспарға сай жыл соңына дейін аяқтау көзделуде. Ал Бәйтерек ауданындағы Янайкин ауылындағы Батурин орта мектебі ғимаратына жапсарлас екі қабатты қосымша құрылысының бірінші қабатының кірпіші қалануда. Алайда мердігер құрылысты өз қаражатына жүргізуде, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы бойынша тиісті қаражатты әлі алмаған. Келесі нысан Казталов ауданының Жұлдыз ауылындағы 108 бала оқитын мектептің жері қазылып, құрылысқа дайындау жұмыстары аяқталған. Баяндамашы құрылыс жұмыстарына 143 млн теңге бөлінгенін, енді 258 млн теңгенің бөлінуі қажеттігін жеткізді. Нысанның құрылысы биылғы қарашада бітеді. Ал Казталов ауданының Сарықұдық ауылындағы 60 орындық негізгі мектеп ғимаратының құрылысы өткен жылы басталды. Бас мердігер "RealStoryInvest" ЖШС-мен байланыс жоқ, жұмысқа шықпаған. Негізгі ғимарат құрылысы аяқталғанмен, қазіргі кезде құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Мердігер келмегендіктен нысан Казталов ауданы әкімдігімен құрылыс басқармасының теңгеріміне берілген жоқ, мектеп құрылысының құжаттамасын ала алмай отыр. Жамбыл ауылындағы 308 орындық мектеп, құны – 1 733,948 млн теңгеКонкурстық рәсімдер жүргізілуде. Бәйтерек ауданындағы Щапов ауылында 420 орындық мектеп салынуда. Бұл мектептің құрылысы да №18, Янайкиндегі, Жамбылдағы мектептердің құрылыстарындағыдай «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Аталмыш нысандардың мердігерлеріне бағдарлама бойынша қаржы бөлінбей, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қиындық тудыруда. Өңір басшысына тиісті басқарма өкілі аталмыш бағдарлама бойынша қаржы тамыз айында түсетінін жеткізді.

6

– Мемлекет қаржысына салынып жатқан мектептер белгіленген мерзімде пайдалануға тапсырылуы тиіс. Сарықұдықтағы мердігерді таба алмай жатсаңыздар, полиция шақыртыңыздар, - деді Ғали Есқалиев.

«Таптырмай жатқан мердігер – Қызылорда қаласынан. Қыстай алысып келеміз. Келеді, кетіп қалады. Жауапкершілігі төмен компания», - деп өңір басшысының сөзін қостай түсті Казталов ауданының әкімі. Облыс басшысы былтыр жобалардың ішінде қажетсіз жұмыстар, қымбат тауарлар болғанын еске салды. Еске салып қана қоймады, өздеріне бақылау жасауды, құрылыс материалдарын арзанға шығатын болса, ауыстыруды, бірақ сапасына мән беруді тапсырды.

2

«AQJAIYQ» ӘКК» АҚ басқармасының төрағасы Әлімжан Тохтасынов инвесторларды қандай мектептердің құрылысына тартуға болатынын әңгімеледі. БҚО білім басқармасы «AQJAYIQ» ӘКК-ге мектеп құрылыстарына әлеуетті инвесторларды тарту бойынша тізім дайындау үшін мәліметтер дайындаған. Бүгінде әлеуметтік желілерде төрт мектеп құрылыстарының тізімі жарияланған. Олар: Теректі ауданындағы Подстепное ауылындағы және Бөрлі ауданындағы Бөрлі (Бурлин) ауылында 600 орындық мектептердің құрылыстары, Зашаған кентіндегі Балауса шағын ауданында 900 орындық №53 мектептің, Зашаған кентінде 900 орындық №52 мектептің құрылыстары. Мектептердің құрылыс жұмыстарын және мектептердің құрылыстарына жеке инвесторларды тарту жұмыстарына «бас-көз» болу облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовке тапсырылды.

1

– Қалада және үлкен ауылдарда Подстепное, Бөрліде мектептерге сұраныс бар. Оған мемлекеттен қаражат бөлінбейді. Құрылысқа жеке инвесторларды тартуымыз керек. Басқа өңірлерде жеке инвесторлардың күшімен жыл сайын 20-25 жеке мектеп салынады. Бізде тек екі мектеп. Салынған инвестициялардың басым бөлігін мемлекет кері инвесторға қайтарады. Сонда да ол мектеп жеке болып қалады. Оны күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеу жұмыстарына мемлекет қаржы бөліп отырады. Бұл, бір жағынан, балаларға сапалы білім беруге мүмкіндік береді, екінші жағынан, бизнес ретінде инвесторларға қалады. Білім беру тегін болады. Бізде қаржысын қайда саларын білмейтін қалталы кәсіпкерлер бар. Міне, қаржыны білім саласына жұмсауға болады. Білім үрдісін қалыптастыруға біздің тарапымыздан да көмек-қолдау болады. Жеке мектепке ауысуға әзір мұғалімдер бар. Сырым ауданының Жымпиты ауылына да интернатымен жеке мектеп керек. Мектеп құрылысына жұмсалған жеке қаражатты мемлекет 8 жыл ішінде кері қайтарады. Одан басқа шығындар да толықтай өтеледі, - деді облыс әкімі.

5

Басқосуда интернет және ұялы байланыс жоспарын бекіту туралы мәселе қаралды. Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Петр Лежниковтың айтуынша, өңірдегі 426 елді мекеннің 327-сінде интернет бар. Бүгінде тиісті министрлікке 6190 адам тұратын 47 ауылдың тізімі интернет желісін тартуға жолданып, соның 13-інің тізімі (2115 адам тұрады) мақұлданған. Одан басқа ұялы байланыс операторларымен 7 ауылда байланыс орнату жоспарланған. Былтыр 3G/4G технологиясы бойынша мобильдік интернет жүргізу жобасы іске асырылған. Қазір бұл жоба 70 елді мекенде «жандануда». Теректі ауданындағы Ақсуат ауылында Mash-сети технологиясы арқылы интернетке қосылудың қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Бір үйге оны кіргізудің бағасы – 30-35 мың теңге.

«Тұрғындардың келісімі болмаса, онда ауылдарға интернетті кіргізе алмаймыз. Барлық шығынды мемлекеттің мойнына артуға болмайды. Сондықтан кей жерде тұрғындар тарапынан да шығындар шығуы керек», - деген өңір басшысы аудан, ауыл әкімдеріне тұрғындармен сөйлесіп, кеңесуге тапсырма берді.

7

Жиында жерлерді мал санына сәйкес ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі есеп (норманың ұлғаюы, малдың болуы, жайылымдарды сумен қамтамасыз ету және т.б.), ауыл шаруашылығы кооперативтері (Шыңғырлау, Қаратөбе аудандары әкімдерінің есептері) және инвестиция тарту бойынша жұмыстары туралы (Бәйтерек, Тасқала аудандары әкімдерінің есептері) мәселелер қаралып, талқыланды.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале