12.12.2022, 11:00
Оқылды: 164

«Қаш» – алғашқы қазақ этно-хорроры

Қыстың алғашқы күні кинотеатрларда Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» фильмі көпшілікке ұсынылды. Осыған дейін әлемдік жұлдыздарға клип түсіріп келген, жас болса да, талайды талантымен таңғалдырған режиссер қандай кино түсірді екен деп премьераға бардық. Бірден айту керек, кино мазмұнын қабылдау өте ауыр. Кей сәттерде диалогтың тым қысқа болғаны көңіл көншітпейді. Десе де, көруге тұрарлық, бұрын-соңды қазақ киноәлемінде болмаған этно-хорроржанрындағы фильм.

IMG-20221212-WA0001

Шынына келгенде, бұл картинаны көрген адам өткен ғасырдың 30-жылдарында болған ашаршылық туралы дерек көргісі келеді. Бірақ кино ол туралы емес. Режиссер абстракция мен символизм, қатал реализм арқылы көрерменге адам мен оның нәпсісінің, аштыққа ұшыраған жанның күйзелісі мен адамгершілік туралы баяндағысы келген. Бірауыз сөзбен айтар болсақ, фильм ашаршылық емес, аштық  жайында.

Фильмді артхаус-жоба десе де болатындай. Мұнда көтерілген тақырып елдің әр тұрғынына таныс. Ал аштықты көрген аға буын үшін тіптен ауыр екені де айдан анық. Сондықтан картинаны көрген адам аласапыран күй кешіп, кейіпкерлерге деген эмпатияны күшейте түседі. Сондықтан фильм кейіпкерлерін түсіну үшін әрқайсысының орнына өзіңді қойған жөн секілді.

Картинаның желісі бойынша қабір қазушы Исатай ауылын аштықтан құтқару үшін інісі Әліммен бірге жақын маңдағы қалаға арнайы хат жеткізуі керек болады. Фильмде басты рөлдерді танымал әртістер Еркебұлан Дайыров, Оңдасын Бесікбасов және жас әртіс Сұлтан Нұрмұха сомдады. Осыған дейін де танылып үлгерген Еркебұлан Дайыровтың шеберлігі көпшілікті таң-тамаша етті дей аламыз. Ол отызыншы жылдардағы адам кейпін тамаша жеткізе білді. Еркебұлан сомдаған Исатай атты кейіпкер ешқандай да қаһарман емес, тіпті адамгершілігі жоғары иманды жан деп те айта алмайсың оны. Ол бар болғаны  зұлматтан аман қалып, жалғыз інісі мен ауылын құтқарғысы келеді. Өмірінде алғаш рет киноға түскен Сұлтан Нұрмұха да өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. Әсіресе, фильмнің шарықтау шегіндегі эмоционалды көріністер Сұлтаннан шебер актер шығатынын көрсете алғандай. Ал Оңдасын Бесікбасовтың ойыны тіптен тамаша болды. Оның бұл картинадағы рөліне әр көрермен өзінше баға берсін дегім келеді.

Бір сөзбен айтқанда, фильм барынша шынайы түсірілген. Қазақ киносына тән киім мен декорациялардан да мін таба алмайсыз. Костюмерлер мен басқа да қоюшылар мұқият жұмыстанған сыңайлы.

Режиссер оқиғаны барынша шынайы етіп көрсетуге тырысқан. Даланы қазақ бостандықтың символы деп біледі. Бірақ дәл осы кинода кең дала құрсауға айналады. Ал кесілген кадр даланы тар қапастай етіп көрсетеді. Режиссер түстерді де әдемі таңдай білген. Ашық түстерден барынша қашқан Айсұлтан Сейітов айналаны күңгірт етіп көрсету арқылы көпшілікке сол шақта ел болашағына, төңірегіне сенуден қалғанын білдіргісі кегендей. Тек Исатай мен Әлім киіз үйде ойнап отырғанда, кадрда жылы түстер пайда болады. Бұл жайлылық пен қауіпсіздік, яғни ағаның көңілі – ақ  жайлау дегенге жетелейді. Бірақ ағасы мен інісі сапарға шыққан кадр қайтадан күңгіртене түседі.

Осы ретте аздап спойлерге2 де орын берген жөн секілді. Фильм қабір қазатын Исатайдың шұңқырға аштықтан өлген адамдарды лақтырып жатқан кадрдан басталады. Бір ауыз Құран оқылмайтыны, талай жанның жоқтаушысыз о дүниелік болғаны ойлантады. Тіпті өлген баланың киімін шешіп алып, оны інісіне керек болар деген оймен алып кетуі де аштықтың пендені адамгершілік қасиеттен жұрдай қылатынын аңғартады. Ал баласынан айырылып, есінен ауысқан Айман қазақ мифологиясындағы жезтырнақтай көрінеді. Кадрлардың бірінде Исатай Мағал атты кейіпкерге шұңқырдағы адам саны азайғанын айтады. Бұл диалог екіұдай күй кешіреді. Бірінде ел ішінде «Өлексе жейтіндер шыққан ба?» деп күдік туса, енді бірі «Әркім өз туғанын барынша арулап, мұсылманша жерледі» деп өзіңді жұбатасың. Бірақ сұрақ сұрақ күйінде қалады. Өйткені фильм өзінің жұмбақтығымен баурайды. Оның үстіне әр көрермен оның жауабын өзі тапқаны абзал.

Картина желісі бойынша Исатай күндіз інісі Әлімді сандыққа қамап кетеді. Жолға шыққан кезде Исатай мен інісіне орыс солдаты ереді. Ол қаза тауып, басты кейіпкер мен інісін Тепе есімді жолаушы құтқарып қалады. Алғашында Тепе көмекке келгендей болғанымен, оның жымысқы ойы бар екені байқалады. Жалпы Тепе кім екені де фильм соңына дейін түсініксіз күйі қала береді. Бірақ ол – аштықтың нағыз өзі.  Адамның нәпсісі немесе ашкөздігі. Өйткені Исатай мен Әлім қаншама рет қашса да, одан құтыла алмайды. Бұл аштық  қайда, қанша қашсаң да, ол сені бәрібір ұстап тынады деген ойға жетелейді. Ал Әлімге су беріп, оны лоқсытуы ішін тазартып, азық етуге дайындау секілді көрінді. Осы кезде «Ауырып жатқан баланы жесек, Сарқандыға жеткенше қарнымыз тоқ болады» деп азғыруы да тегіннен тегін емес, ол – Исатайдың ішкі арпалысы... Дәл осы мезетте кадр уақытша кілт үзіліп, көрерменді тағы да ойға қалдырады. Бірақ нәпсісін жеңіп, Исатай Әлімді алып, Тепеден қашқан кезде еріксіз «уф» дегізеді.

Ақыр соңында Әлім Тепенің көзін ағызып, ағалы-інілі екеу Сарқандыға жетеді. Бірақ Тепені Исатай жетектеп жүр. Бұл да аштықтың зардабы секілді көрінді. Өйткені үлкендер әлі күнге дейін «Сүйекті толық мүжі, нан қиқымын тастама» дегенді көп айтады. Ауылда тұрғанымызда еті толық сыпырылған сүйекті қайта қайнатып, сорпасын алатын әжелерді көз көрді, дастарқанда отырғанда нан қиқымын теріп алып, жей салатын аталар да болды. Олардың алды аштықты көрген, соңы солардың ұрпақтары еді. Астың қадірін түсіну деген ұғым да сол бір отызыншы жылдардан қалған үрдістей көрінеді. Ал көзі көрмесе де, Исатайдан бір елі қалмай еріп жүрген Тепе дәл сондай мінез сықылды. Өйткені аштықтың зардабы ешқашан жойылмайды екен.

Әрине, фильм бастан-аяқ тамаша  түсірілген деуге болмайды. Исатайдың тез құбылуы, орынсыз мақалдап  сөйлейтіні онша ұнай қоймаса да, сюжетке әсері жоқ. Тіпті жапондық «Қоңырау» фильмінен алынған көрініс те көңілге тиеді. Бірақ оны қазақылыққа бейімдегені ұнады. Сонымен қатар Люк Бессонның «Бесінші элементіндегідей» шырпы көрінісі де ұтымды болғандай. Далада әбден қажып, әлсіреген Исатай мен Әлім қорапта қалған соңғы тал шырпымен от жағып жылынады. Сол жалғыз сіріңке үзілгелі тұрған  үміт  секілді.

Қалай десек те, бұрын түрен түспеген жанрдағы фильм үшін режиссерге «рақметтен» басқа айтарымыз жоқ. Біткен іске сыншы да көп болады. Бірақ ешкім аштық тақырыбын жаңа жанрда осынша шебер көрсете алмады. Айтпағымыз осы. Әрине, әр көрермен  өзінше  ой  түйеді.

1’ Этно-хоррор – ұлттық салт-дәстүр мен тарихи деректерге негізделген қорқынышты сипаттағы кино.

2’ Спойлер – фильм сюжетін алдын ала баяндау.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале