2.02.2026, 16:30
Оқылды: 8

Кәсіби бағдар – болашаққа бағыт

Өңірімізде кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің өкілдері қаламыздағы №31 ЖОББ мектебінде болды.

31-мектеп

Кездесудің басты мақсаты – мектеп бітіруші түлектерді жоғары білім беру мүмкіндіктерімен таныстырып, болашақ мамандықтарын таңдауға бағыт беру. Іс-шара барысында оқушыларға Жәңгір хан университеті туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Университеттің білім беру бағыттары, оқу үдерісі, материалдық-техникалық базасы, студенттік өмірі мен болашақтағы еңбек нарығындағы мүмкіндіктері түсіндірілді.

Кәсіби бағдар жұмысының ерекшелігі – университеттегі әр институттың өкілдері өз бағыттары бойынша жеке-жеке таныстырылым жасап, нақты әрі түсінікті ақпарат беруінде болды. Айталық, Политехникалық институт өкілі техникалық мамандықтар, инженерлік білімнің маңызы мен өндірістегі сұраныс туралы баяндады. Ветеринария және агрономия бағыты бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи мамандықтардың ерекшелігі түсіндірілді. Машина жасау бағыты бойынша институт маманы өндіріс, технология және инновация саласындағы кадрлар даярлау жөнінде мәлімет берді. Экономикалық бағыт бойынша экономист, менеджер, қаржыгер мамандықтарының бүгінгі таңдағы өзектілігі айтылды. Ал спорт бағыты бойынша өкілі дене шынықтыру және салауатты өмір салтына негізделген мамандықтар жайында әңгімеледі.

Кездесу барысында оқушылар белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды. Әр мамандықтың болашағы, оқу шарттары, грант мүмкіндіктері мен студенттік өмір жайлы кең мағлұмат алды. Бұл іс-шара түлектердің кәсіби бағдарын айқындауға, саналы таңдау жасауына оң ықпал етті.

Мұндай кездесулер мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтып, жастардың білімге деген қызығушылығын арттырады. Кәсіби бағдар беру – болашақ маманның дұрыс қалыптасуына бастар маңызды қадам екені тағы бір мәрте дәлелденді. Басты назар аударатын мәселе – білім тек басқа шаһарларда ғана емес, өзіміздің өңірімізде де бар екені. Мегаполистегі өмірдің күрделілігін ескере отырып, балалар мұны көбіне кеш түсінеді. Соның салдарынан кейбірі алған грантын сақтап, қайта оралады, ал кейбірі гранттан бас тартып, ақылы бөлімге ауысады. Осы ретте біз туған жерде білім алып, елге қызмет ету – ең үлкен құндылық екенін айтқымыз келеді.

Бибігүл Сарбалина,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ

Политехникалық институт директорының орынбасары

 техника ғылымдарының кандидаты 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале