20.05.2025, 16:00
Оқылды: 315

Кәсіп бастауға – 1,5 млн теңге

Биылғы 21 мамырдан бастап Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау басталады. Бұл бастама, әсіресе кәсіп ашуды армандап жүрген, бірақ бастапқы капиталға зәру азаматтар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Бірінші лек аясында республика бойынша 4 500 адамға грант берілмек. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің ресми парақшасында жазылған.

жп акша Әлішер Уалитханов (1)

Гранттың көлемі – 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 572 800 теңге. Бұл қаражат кәсіп бастауға, құрал-жабдықтар сатып алуға, жалға алынған ғимарат ақысын төлеуге, мал мен құс, көшет пен тұқым алуға жұмсалады. Алайда бұл қаражатты тұтынушылық мақсатта, несие жабуға, тұрғын үй немесе жер телімін сатып алуға, акциздік өнім, яғни мемлекет тарапынан арнайы салық салынатын өнімдер өндіруге пайдалануға болмайды.

Мемлекеттен бөлінетін бұл қолдау, ең алдымен, әлеуметтік осал топтарға бағытталған. Грантты алу үшін адам жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе жеке кәсіпкерлік мәртебесін алғанына үш жылдан аспауы қажет. Сонымен бірге үміткер мүгедектігі бар азамат, қандас мәртебесіндегі адам, басқа өңірден көшіп келген, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасының мүшесі, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-ана, не асыраушысынан айырылған азамат болуы тиіс. Тағы бір маңызды шарт – үміткердің соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткенін растайтын сертификаты болуы керек. Барлық өтінім тек электронды түрде, Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады. Ол үшін үміткер порталға тіркеліп, өзінің талаптарға сәйкестігін тексереді, ұсынылған үлгіге сай бизнес-жоспарды толтырып, порталға жүктейді. Содан кейін өтінім үлгісін толтырып, электронды цифрлық қолтаңбамен растайды. Ғаламторға немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтары мен карьералық орталықтардағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы өтініш бере алады. Үміткердің бизнес-жобасы аудандық немесе қалалық комиссияда қаралады. Комиссия отырысында жобаның бәсекеге қабілеттілігі, нарықтағы сұранысы, қаржылық негізділігі, үміткердің кәсіпкерлік қабілеті мен жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті бағаланады. Қорытынды шешім порталдағы жеке кабинетке жолданады. Егер жоба мақұлданса, үміткер банк реквизиттерін жолдап, электронды келісімшартқа қол қояды және әр тоқсан сайын гранттың мақсатты жұмсалуы туралы  есеп  тапсырып  отырады.

Бұл бастама азаматтардың еңбекке араласуына, өз ісін бастауына, ел экономикасына үлес қосуына жол ашпақ. Мемлекеттің басты мақсаты — табыс табуға қабілетті, әлеуметтік тұрғыдан белсенді қоғам қалыптастыру. Ал бұл грант – соған бастар нақты әрі сенімді қадам.

Аружан Болатбекқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале