Мәлікпен кездейсоқ таныстым. Бір көргенде, артық сөйлемейтін тұйықтау көрінді. Сұрағыңа ғана жауап қатып, ортақ әңгімемізге тап бір киіп-жарып араласпай отырды. Арамыздағы жігіттердің «бұл Мәлік, меценат азамат, мына біздің Оралдағы Ақмешіттің салынуына көмегін аямаған адамдардың бірі» дегендеріне елең ете қалдым. Сөйтіп, мақала жазғым келіп, Мәліктің «соңына түстім». Бір айға жуық көнбей жүрді. Ақыры көндірдім...
Күн сенбі болса да редакцияда кездеспекші болдық. Қарсылап алайын деп сыртта күтіп тұрмын. Мәлікті білетіндердің «шаруаны дөңгелетіп жүрген азамат» дегеніне қарап, «крутой» машина көрсем, сол болар деп ұмтыламын. Тоқтамай өте шығады әлгілер. Бір уақытта әбден шашылып қалайын деп салдырлаған «Джип» алдыма келіп, кілт тоқтады. Ескіргені сонша, бояулары оңған, артқы терезесі шағылып қалған болуы керек, целлофанмен жапсырып қойыпты. Көліктен екі езуі екі құлағында Мәлік түсіп келе жатыр...
Бөлмеге кіргеннен кейін екеуара әңгімемізден кейіпкерімнің өткен ғұмыр жолдары, көрген-баққаны, басынан кешкендері көз алдымнан сырғып өтіп жатты. Осы Орал қаласында 1961 жылы дүниеге келіпті. Қаланың Кожсырьевой деп аталатын ауданында өсіп, сол маңайдағы №2 мектепте оқыған. Арғы аталары Тайпақ ауданының Базартөбе ауылында тұрған. Әкесі Нұрлыбек сол Базар-төбеде 1938 жылы туып, 1943 жылы ата-анасымен осы Оралға көшіп келген. Ержеткесін жөндеу зауытында темір жонушы, кейін №1 аутомобиль-транспорт кәсіпорнында өмір бойы шопыр болыпты. Анасы Мәрия сауда саласында істеген. Мынау қалаға жақын, Кирсанов ауылында 1941 жы-лы дүниеге келіпті.
«Сонау жетпісінші жылдарда Орал қаласында қазақтар онша көп емес еді, керісінше басқа ұлттардың қатары қалың. Сондықтан біз құсаған қазақтың балаларына пысық, өжеттеу десем дұрыс болар, есесін жібермейтін болып өсуге тура келді. Жасырып қайтемін, «ә» дегенге «мә» демесек, аяқтарын сүртетін шүберекке айналдырып жіберулері мүмкін еді. Мен өзімді солай ұстадым. Тек қара басымды ғана ойлаған жоқпын, қасымдағы жуастау қазақ балаларына біреу күш көрсетіп жатса, қарап тұра алмайтынмын. Ештеңеден қайтпай, қорықпай өстім. Кейін оның пайдасы көп болды, бірақ зиянын да көрдім...».
(Мәліктің әңгімесінен)
Иә, Мәлік еті тірі, қайсар болып өсіпті. Сегізінші сыныптан кейін мектептегі оқулар жалықтырып жіберді ме, әлде тезірек жігіт болғысы келді ме, әйтеуір, әрі қарай оқығысы келмейді. Ата-анасына «техникумға оқуға барамын» дейді. Үлкендер қарсы бола қоймайды. Мектепте жақсы оқығандықтан техникумның емтихандарынан қиналмай оқуға түсіп кетеді. Студенттік жылдарды Мәлік ұмытпайды, бозбалалық пен жастық шақтың ең бір аяулы кездері болып есінде қалған. Сабақты жақсы оқиды, қоғамдық жұмыстардан ешқашан шет қалып көрмеді. Спорттық жарыстардың ылғи ортасында жүреді. Былайша айтқанда техникумдағылар мұны жақсы таныды, білді. Осы бетінен танбағанда Мәлік Ғабдолов оқуды тәмамдап, әуелі мал дәрігері, ал кейін бір шаруашылықтың директоры болып шығар ма еді, кім білсін..? Бірақ бәрі аяқ астынан болды. Үшінші курсты орталап тастаған, енді бірер жылда техникум қабырғасынан түлеп ұшпақшы.
Бір күні бірінші курстың студенттері, «молодойлар» бұған арызданып келді. Ақшаларын, төртінші курстың «стариктері» тартып алған. Тартып алып қоймай, өздерін ұрып-соққан. Мұны естіген бойда Мәлік қасына зәбір көрген бірінші курстықтарды ертіп, жатақханаға тура тартты. Ақша тартып алушылардың бәрін тауып алып, жарты сағат уақыт беріп, «алған ақшаларыңды бір тиындарына дейін қалдырмай, қайтарыңдар» деді. Отыз минут өткеннен кейін «стариктердің» бәрін тергеудің астына алды
Қарсы шыққандарына шойын жұдырығын жұмсауға тура келді. Біраз жігіттер соққы жегеннен кейін, тартып алған ақшаларын тауып, қайтарып берді. Алайда бұл айқай техникум басшыларының құлағына жетіп қалады. Бәлки, тап бір өршіп кетпеуі де мүмкін екен, бірақ қырсық шалды. Тартып алған ақшасын қайтарғысы келмей, таяқ жегеннің бірі завучтің жиені болып шыққан. Сол завуч Ғабдоловтың соңына шам алып түсті. Қатардағы мұғалімдердің «Габдулов правильно поступил!» деп мұны қорғап, жиналыста сөйлегенін көрсеңіздер... Әсіресе, ветеринария бойынша сабақ беретін, өзі соғысқа қатысқан Анна Васильевна апайы Ғабдоловты оқудан шығармаңыздар деп біраз ара түсті. Бірақ директордың табалдырығын тоздырумен болған завуч дегеніне жетіп тынды.
«Сөйтіп, бітіруге бірер жыл қалғанда техникуммен хош айтысуға тура келді. Ата-анам қайтсын, балаларына шыдай ма, өз қолдарын өздері кесе ме..? Оқудан шығарып жібергендеріне көнді, өйткені балалары тәртіп бұзды ғой... Әкем жақсылап ұрысты. Ұрысқанда арасында «әділдік, азаматтық керек, бірақ жұдырығыңды ала жүгірмеу керек еді» дегені әлі күнге құлағымда сайрап тұр. Әлсізге күшті зорлық жасап жатса, болмаса, біреу сені адам құрлы санамай, басыңа мініп жатса, қарап қалмау қаныма бала күнімнен сіңген деп жоғарыда айттым ғой... Алайда, «за справедливость» деп қарсы шапқанмен соңынан өзім талай «таяқ жедім», талай рет «ұстараның жүзінде» қылпылдап, өміріме қауіп төнгенін жасырмаймын...».
(Мәліктің әңгімесінен)
Техникумнан анандай айқай-шумен шыққан біздің кейіпкеріміз енді қайда барады деп отырған шығарсыз, оқырман. Селтеңдеп жү-ріп алмады. Оралдағы №75 кәсіптік техникалық училищеден бір-ақ шықты. Бұрын мал дәрігерлікке оқыса, енді аутокраншы мамандығын алғысы келді. Жасыратыны жоқ, жақсы оқыды, мұғалімдер, үйретуші-шеберлер мұны мақтап жатты. Жарты жылға жуық оқып, аутокраншы мамандығын алды.
Сол бойда «Кушумводстрой» тресінің №33 жылжымалы механикаландырылған колоннасына краншы болып жұмысқа тұрды. Училищені жаңа ғана бітірген жас краншыны бригада жігіттері жатырқамай қарсы алған. Көп ұзамай еңбекқорлығына қарап, бәрі мұны жақсы көріп кетті. Арада жарты жылдай уақыт өте шыққан. Федоровка ауылының маңайындағы Солянка өзенінде бөгет (плотина) салып жатқан кездер еді. Әуелі бөгетті бекітетін қадалар (свай) қағылады ғой. Міне, сол қадаларды қағып, бітіре келгенде оны соққылап жерге сіңіретін арнайы техника істен шықты. Жұмыс тоқтап, бригада түгел қаңтарылды. Бір күн босқа өтті. «Екі-ақ қада қалып еді, қарашы...» – деп бригадир күйіп-пісіп жүр. Мәлік кранына бір мініп, бір түсіп, күні бойы ойланды.
Сосын «жайлап, байқап көрсе қайтеді..?» деп тәуекелге бел байлады. Ойын бригадирге айтты. Қуанып кеткен ол «қане, көрейік!» деп бірден келісімін берді. Ұзын сөздің қысқасы, Мәлік кранның жебесіне қаданы қаққанда пайдаланатын зілтемірді іліп, жоғары көтеріп, тастап жіберіп отырып, қадаларды жерге сіңірді. Әрине, ол үшін қадаларды қисайтпай жерге тікесінен қағатын асқан дәлдік керек еді. Бригадир әр соққыдан кейін арнайы аспаппен қаданың түзу қағылып жатқанын тексеріп отырды.
«Екі қаданы қағуға ойдай уақыт кетті. Жұмыс біткенде қолымды ричагтен ала алсамшы, қарысып, жабысып қалыпты. Ал, одан кейін аяқтарымды баса алмай, кранның кабинасынан түсе алмай отырғаным есімнен кетпейді. Бригада жігіттері әуелі ауыздарын ашып қалды, сосын олардың қуанғандарын көрсеңіз... Айдың аяғы еді ғой, құрылыста жұмыс жасаған азаматтар айдың аяғына қарай, қандай қарбалас басталатынын жақсы біледі. Наряд жабу керек дегендей... Әрі біздің бригада бөгетті осы айда пайдалануға береміз деп социалистік міндеттеме қабылдап қойған болатын. Сондықтан бізге бір күн түгілі, бір сағатқа кідіруге болмайтын. Жігіттердің қуанышында шек болмады. Қызығы соңынан болды. Маған сол кездегі (1979 жыл болатын) ақшамен 1 мың сом сыйақы берді. Оның 600 сомын анамның алақанына салып, 400 сомын өзіме қалдырдым. Жаспын ғой, Кожсырьевойдан СХИ-дағы базамызға таксимен барамын. Жұмыстан кешікпеймін. Бойдақ болсам да трест бойынша мені пәтер кезегіне қойды».
(Мәліктің әңгімесінен)
Көп ұзамай, сол 1979 жылы краншы Ғабдолов әскерге шақырылып, мадьярлар елі Венгриядан бір-ақ шықты. Жас күнінен техника деген мұның ақыл-есін әбден жаулап алған еді. Мектепте оқып жүргенде – ақ, машина рөліне отырды, мотоцикльді шырқ үйірді. Әкесінің көрсетуімен олардың моторын талай шашып, талай жинаған. Оған кәсіптік-техникалық училищеде аутокраншы мамандығына оқығанын қосып қойыңыз... Әскерде оның пайдасын молынан көрді. Бір күні полктің аутомобильдері бірінен соң бірі қақалып-шашалып тоқтап қала берді. Ішінде полк командирінің «УАЗ»-ы да бар. Мәлік байқап жүретін солдаттар бензинді ұрлап, мадьярларға сатып, оны білдірмеу үшін ортайып қалған цистернаға солярка араластырып қояды. Әлгіні көліктерге құйғаннан кейін көп ұзамай, соляр майы араласқан бензин дұрыс жанбайды, қақалып-шашалған мотордың үні өшеді. Ұрлықшы солдаттарды ұстап бермесе де Мәлік полктің тоқтап қалған көліктерінің бактарын жуып, карбюраторларын тазалап, моторларының майын ауыстырып, сықитып берді. Көліктер ойнақтап шыға келді. Командирлер «молодец, Габдулов!» деп мәз болып, мұны арқадан қағып, полктің алдында алғыс жариялады. Мектептегі оқушы кезінен сурет салуға құмар еді, техникум мен училищеде де сол құлшынысын тастамай жүрді. Сол суретшілігі әскерде де байқалып қалды. Техниканың тілін жақсы білгеніне қоса, Ғабдолов енді әскери бөлімнің көрнекі үгіт құралдарын жұтындырып салатын, жазатын суретшісі болып, тіпті абыройы аспандады.
«Мен өткен өміріме, күндеріме қарап отырсам, бірде өрлейді екенмін, бірде төмен құлдилайды екенмін. Әскерде де сондай жағдай басымнан өтті. Бізден бір жыл бұрын келген еңгезердей украин жігіттері болатын. Әскерде оларды «стариктер» дейді ғой. Солар кейін келген сарбаздарға күш көрсетеді дегенді еміс-еміс естіп қалғанмен көзіммен көре қоймағанмын. Бір күні олар мені (өздері төрт жігіт) «Ей, чурка, иди сюда!» – деп шақырды. «Кто чурка?» деп төртеуіне тайсалмай жетіп бардым. Қойшы, сонымен олар мені от жағатын (кочегарка) жерге шақырды. Бардым. Қанша мықты болсаң да еңгезердей төрт жігітке төтеп беру қиын... От жағатын жерге кіре бергенде күрек тұр екен, «қорыққан бірінші жұдырықтайды» дегендей әлгіні алдымда, оңды-солды сілтедім. Екеуі қалпақтай түскенде қалған екеуі тұра қашты. Қалпақтай түскендер ауруханаға жатты. Мені сол бойда қамады. Полк командирім неміс ұлтынан еді, қапаста жатқан жеріме келіп: «Ех, Габдулов, әскерге екі жылға келіп, 8 жылға дисбатқа кететін болдың-ау...» деп кәдімгідей өкінді. Дегенмен сол командирім бар, оның орынбасарлары бар, мені түрмеге кетуден сақтап қалды. Он бес күн қамақтан шыққаннан кейін, айқай жиналыс болып, комсомолдан шығарылдым. Анау таяқ жеген жігіттерге командирлер айтқан шығар, ешқайда арызданған жоқ. Әйтеуір, түрмеден аман қалдым...Комсомолдық билетімнен айырылдым...».
(Мәліктің әңгімесінен)
Сөйтіп, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» Ғабдолов 1981 жылы әскерінен босап, Оралына келді. Әскерге аттанғанда жұмыс орындағылар «қайтып келсең, үй кезегің сақталады» деген. «Кушумводстрой» тресіне жаңа үй салынып, пайдалануға берілейін деп жатыр екен. Мұның кезегі келіп қалған. Жұмысыма тұрайын, пәтерімді алайын деп ешқайда алаңдамай сонда келген. Бірақ трест басшылығы өзгеріп кеткен. Жаңа бастық: «сен әлі жассың ғой, бойдақсың, пәтерді қайтесің?» – деп теріс қарай береді. Айналғанда бермейтін болды.
«Алып-ұшып барған көңілім жер болып, қатты ренжіп қалдым. Жөндеу зауытына шопыр болып жұмысқа тұрдым. Мұнда да жақсы жұмыс істегенім үшін алған мақтау грамоталарым әлі күнге сақтаулы тұр. Сөйтіп жүргенде №1 аутомобиль-транспорт кәсіпорны жұмысқа шақырды. «Жүрмей тұрған ескілеу, тіркемесімен «КАМАЗ» бар, өзің жинап ал» деді кәсіпорын басшысы. Мені бірден сынайын деп тұрғанын сездім де ескі машинаны жинауға кірісіп кеттім. Техниканы өзің жинау дегенді шопырлар жақсы түсінеді. Барлық шеберлігіңді, жаныңды саласың ғой. Сөйтіп, мұнда да жақсы жұмыс істеп көзге түстім. Көбіне Нижнекамскден резина дөңгелектер тасыдым. Сөйтіп жүргенде жекешелендіру басталып, социалистік меншік деген жойылып, кеңестік кезең келмеске кетті ғой...».
(Мәліктің әңгімесінен)
Мәлік нарықтық қатынастың бет алысын бірден байқаған жандардың бірі болса керек. Жинаған ақшасына Чапаев ауданынан «КАМАЗ» көлігін сатып алды. Демалыс дегенді ұмытты, кез келген жүкті тасып, бармаған жері жоқ. Сол кезде облыстық телеарна мұны алғашқы кәсіпкерлердің бірі деп, арнайы хабар әзірлегені есінде. Қысы-жазы рөлде, күзде-көктемде рөлде, егер сол кездегі жүрген шақырым-жолдарын есептеп шығарса, жер шарын әлденеше рет айналып шыққан шығар... Қауын-қарбыз, мал, ет, құрылыс материалдары дейсіз бе, бәрін тасыды. Жеке бизнесі жүрді. Ақша бар. Пәтер алды, үйленді. Күндердің күнінде тіпті, Германия асып, ол жақтан әуелі шет елдік жеңіл машиналар тасыды, сосын жүк машиналарын әкелді. Бара-бара аутобустар айдап келе бастады. Оларын анау Ақсайдағы кәсіпорындарға жалға беріп қойды. Айтпақшы, Германияға барып жүргенінде мына Жымпитының «Правдасынан» ол жаққа қоныс аударып кеткен Вальтер мен Лео деген неміс жігіттерін тауып алды. Олардың қуанғандарын көрсеңіз, үйлеріне шақырады, мұның шаруаларын тезірек бітіріп жіберуге жүгіреді, әйтеуір құрақ ұшумен болады. Қазақ тілін ұмытпапты, судырап алып жөнелгенде мұның өзін жаңылдырды.
«Жұмысым жүрді. Коттедж салып алдым. Қаланың ішінен аутобаза аштым. Ол кезде қалада көптеген өндірістік ғимараттар қаңырап тұрды. Солардың бірін сатып алып, қолдағы бар ақшамды салып, бір жағынан қасапхана мен ет комбинатын жасақтадым, екінші жағына шұжық шығаратын, тұшпара шығаратын цехтарды орналастырып, іске қостым. Жұмыс істеп жатты. Солай кете беруім керек еді, бірақ тағы сүріндім. Сүрінгенде біреулерге сеніп қалып оңбай омақастым. Бір банкирмен делдал арқылы таныса келе, құрылыс салумен айналысуға ықыласым ауа берді. Ықыласым ауатыны, бұрыннан құрал-жабдықтар алып қойғанмын. Ол жабдықтар үйдің панельдерін шығаратын су жаңа қондырғылар еді. Енді жұмысты бастап кетуге ірі несие, бәрін есептеп шығарғанда 200 миллион теңге қаражат керек еді. Бұл бұдан он бес жыл бұрын көп ақша ғой. Жоғарыда айтқан делдал пайда бола кетті. Несие болатын болды. Ол үшін бұрынғы алған несиелерімді тез жабу керек, оны бұлжытпай орындадым. Сосын әлгі делдал «бізге 200 миллионнан 10 пайыз «откат» бересің» деді, яғни 20 миллион теңге. Қандай сайтан түрткенін, не қара басқанын білмеймін, келістім... Олар менен тіпті нотариус арқылы «20 миллион теңгені беремін деген» қолхат жаздырып алды. Бір жұма өтті, екі жұма өтті. Әлгілер қарасын көрсетпейді. Бір күні соттан шақырту қағазы келіп тұр, Барсам, «сіз бәленшеден 20 миллион теңге ақша алыпсыз, неге қайтармайсыз?» – дейді сот.
Оңбай алданғанымды сонда ғана түсіндім. Қарсы арыз (протест) бердім. Бірақ анау қолхатым алдымнан шыға береді. Көліктерімді тәркілейтін болды. Коттеджімді сатып үлгердім, басқаларын да саттым. Сот ақыры көліктерімнің бәрін тәркілеп, әлгілерге алып берді. Олар оны сол бойда сатып жіберген. Нанасыз ба, әлгі көліктер осы күнге дейін менің есебімнен шығарылмаған, салықтары менің атыма келе береді. Бір миллион теңгеден асып кетті. Сөйтіп осыдан он бес жыл бұрын бизнесі дүрілдеп келе жатқан Ғабдолов тақыршаққа отырды... Шынымды айтсам, ұрламаған-жырламаған, нағыз маңдай термен келген ақшаға, үйге, техника дегендерге ішім удай ашығаны рас. Талай алыс жолдарда келе жатқанда, ол кезде жол торыған бандиттер, рэкет дегендеріңіз құтырып тұрды ғой, тоқтатып, пистолетті самайыма тірегенде, алдырмай-жұлдырмай, талай аман құтылған басым, алаяқтарға алданғанда ашықауыздығыма, адамдарға сенгіштігіме өлердей өкіндім...».
(Мәліктің әңгімесінен)
Мәлік сол оқиғадан кейін көп ұзамай, инсульт алды. Ауруханаға жатып, жүрегіне ота жасатуға тура келді. Сол кездерде оның бүкіл жұмысы тоқтады. Бұған дейін қарауында жұмыс жасап келген жігіттерге де оңай болмады. Олардың жанұясы, балалары бар еді. Жігіттерінің денін өзі жақсы танитын, кәсіптері бар, жұмыстары жүріп жатқан азаматтарға жіберіп, «жұмысқа алып, еңбектерін ренжітпей, дұрыстап төлеңіздер» деп өтінді. Құдайға шүкір, азаматтар мұның сөзін далаға тастаған жоқ, жігіттердің бәрі бүгінде еңбек етіп, нәпақаларын тауып жүр. Денсаулығы түзеліп, шүкірленгесін қарап отыра алмады. Екі қызы, екі ұлы бар, оларды киіндіру, оқыту, үйлендіру, тұрмысқа беру дегендей, қалай отырсын қол қусырып, тірлік жасауға кірісті. Амалдап алып қалған аутокраны мен аутомобилі болатын, солармен жұмыс істей бастады.
Кезінде жұмысы, бизнесі жүріп тұрғанда талай адамға көмектесіп еді. Біреулер серіктестік құрып, шаруаларын әрі қарай дөңгелетіп әкетті. Ал енді бүгінде солардың кейбіреулері мұның «шәпкісі қисайғанда» сырт айналды, тіпті амандасуға жарамады. Сірә, тақыршаққа отырған Ғабдолов олардан көмек, ақша сұрайды деп ойлады ма екен, әйтеуір қарсы келіп қалғанда байқамаған болып бұрылып өтіп кетеді. Олардың сол ұсқындарын көргеннен кейін бұл да оларға жақындамады. Өз күшімен еңсесін тіктеуге қайраттанды. Ептеп кірпіш шығаруға кірісті. Бара-бара пенобетон шығаруды игерді. Енді бүгінде жабдық сатып алған, арнайы технологиямен бетоннан сан түсті мәрмәр тақталар шығарады. «Шүкір, жұмыс бар», – дейді Ғабдолов.
Сосын «Алла қосса, и на этот раз прорвемся!» – дегенді қосып қойды, азамат!
* * *
Әңгімеміз аяқтала келгендей. Көкейімдегі сұрақты қоймай тұра алмадым:
– Өзіңді жақсы білетін жігіттер айтады, кезінде Оралдың Ақмешітін салысуға көмектесіпсің ғой..?
– Мақтанғаным емес, бизнесім жүре бастағаннан-ақ, қатты мұқтаж жандарға көмектескім келіп тұратын. Талай көмектестім де! Оның бәрін санамалап айтудың қажеті болмас. Ал мешітке келетін болсақ, оны «Адал арна» серіктестігі салды. Сол азаматтарға айту керек, рахметті. Менікі бер жағы ғой. Мешіттің құрылысына ағаш материалдары өте қажет болып қалды. Осы Оралдағы жігіттер менің Ресей жағымен байланысымның бар екенін біледі. Солар айтқан болуы керек, «Адал арнаның» жігіттері маған өтініш жасады. Ол 2004 жыл болуы керек, ол кезде ағаш материалдарының қаны жерге тамбай тұрды. Көмектестім, Тольятти жағынан қажетті ағаш материалдарын алып бердім. Оны бір керемет ерлік жасағандай етіп, дабырайтқым келмейді. Алайда Алланың жердегі үйіне сәл де болса көмегімнің тигенін жасырмаймын, ішімнен ылғи марқайып жүремін.
Бәріміз де мұсылман баласымыз, жағдайымыз, мүмкін-дігіміз бар болса, сауапты іске ылғи ұмтылып тұруымыз керек.
Талай тар жол, тайғақ кешулерден өтсе де мойымаған кәсіпкер Мәлік Ғабдолов осылай деп әңгімесін аяқтады...
Есенжол Қыстаубаев
zhaikpress.kz