22.12.2022, 11:15
Оқылды: 52

Кәсіпкерліктің көшбасшыларымен сұхбат

Дүйсенбіде облыс әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздарымен және қатысушыларымен кездесті.

13

Биылғы 12 желтоқсанда ел Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, Үкімет және облыс әкімдіктері алдына үлкен міндеттер қойды. Елімізді өркендету ісіне Батыс Қазақстан облысы да өз үлесін қосып отыр. Қалыптасқан ахуалға қарамастан, облыс дамуының оңды көрінісін келесі көрсеткіштерден байқауға болады. Өткен 11 айдың қорытындысында өңдеу өнеркәсібі саласындағы өндіріс көлемі 245,6 млрд теңгені құрап, 4,7 пайызға артты. Ал инвестиция көлемі 405,7 млрд теңгеге жетіп, 5,7 пайызға өсті. Экономикаға инвестиция тартпайынша оны дамыту қиынға соғады.  Президенттің қатысуымен  өткен «Алтын сапа» байқауының  марапаттау жиынында жеңімпаздар қатарынан сіздерді көргеніме қуандым, - деген Н.Төреғалиев жеңімпаздарды құттықтап, алдағы уақытта да жетістіктерге жетуге тілектестігін білдірді.

Басқосуда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов «Алтын сапаның» әр өңірдің негізгі жетістіктерін көрсететін республикалық байқау екендігін, жыл санап өңірімізден қатысушылар қатары толығып келе жатқанын айтты. «Облыс кәсіпкерлері мен кәсіпорындары «Парыз», «Іскер» аталымдарының сыйлығын иеленді. Жаңадан қосылған «Аруана» бизнесте тану» сыйлығының бас жүлдесімен, яғни байқаудың барлық аталымы бойынша марапатталды», - деді Нұржан  Ерболатұлы. «Алтын сапа» байқауына қатысуға өңірімізден 15 компания өтінім беріп, оның жетеуі жеңімпаз атанды.

«Елімізді өркендетуге үлесімізді қосамыз. Мемлекеттік құрылымдар кәсіпкерлікті қолдап, түйткілді мәселелерді шешуде көмек көрсетсе дейміз.  Сонда біз алға ұмтыламыз, өркендейміз», – деді облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова. Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасын іске асырудағы және әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы жеке үлесі үшін Л.Тұрсынованың сыйлықтың бас жүлдесін иеленгені мәлім.  Ал «ҚазТрубпром» ЖШС  Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығына ие болды. Аталмыш кәсіпорын металлургия өнеркәсібіндегі «Премиум» класындағы жоғары қысымды бұрандалы қосылыстарды қаптау және сорғы-компрессорлық құбырларды өндіруге маманданған. Мұнай-газ саласының дамуына үлес қосып жүрген «Жайықмұнай» ЖШС, «Чех Кэмп» ЖШС және «Казбургаз» АҚ «Парыз» әлеуметтік жауапкершілік сыйлығына ие болды. «Іскер» сыйлығымен «Балзия» компаниясы марапатталды. «Балзия» брендінің өнімдері  елімізде  танымал. «Ұлы дала елі» сыйлығын «Сартаев А.Д.» ЖК иеленді. Кәсіпорын облыс тұрғындарын тұщы су шаяндары және  балықтармен қамтамасыз етіп, өнімдерін экспортқа шығарады.

Жиында байқауға белсене қатысқаны үшін «Нұржанар», «Орал кабель», «Балзия», «Стекло Сервис» ЖШС-лары мен «Серғазиев» шаруа қожалығы, «Мария ханым сән үйі» «Жұлдыз» жеке кәсіпкерлігі облыс әкімдігінің алғысхатымен  марапатталды. Байқауға қатысушылардың құжаттарын дайындауға қатысқан «Серғазиев» ШҚ-ның ғылыми қызметкері Нұржан Молдахановқа, «Стекло Сервис» ЖШС-ның стандарттау және сертификаттау инженері Асия Черепановаға марапаттар табыс етілді.

Гүлбаршын  Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале