Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті.
Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда өткен кешке облыс орталығы мен аудандардағы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері, әлеуметтік әріптестер және басқалар қатысты. Салтанатты жиында алдымен сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова аталмыш орталықтың атқарып жатқан жұмысы жөнінде баяндады.
– Облыстағы кәсіподақ ұйымдарының құрамын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Бүгінде облыстық кәсіподақтар орталығы 10 салалық және 14 жергілікті, 1000-ға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымын және 73 мыңнан астам кәсіподақ мүшесін біріктіріп отыр. Былтыр бас кеңестің шешімімен 2021 жыл «Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы» болып жарияланған еді. Осыған орай бастауыш ұйымдарға қолдау көрсету және еңбек ұжымдарымен тікелей «кері байланыс» жүйесін құру үшін Кәсіподақтар федерациясы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясын бастады. Бұл акция кәсіподақтардың мүшелеріне Кәсіподақтар федерациясының басшылығымен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен, мемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен және жұмыс берушілермен өзекті мәселелерді тікелей талқылауға, оларға сұрақтар қоюға мүмкіндік берді. Акция аясында өңірдегі 17 бастауыш кәсіподақ ұйымымен онлайн кездесу ұйымдастырылды. Биыл сәуір айында облыс әкімдігі, жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктері мен кәсіптік одақтардың бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған келісімге қол қойылды. Аталмыш келісім аясында еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, туындайтын мәселелерді оңтайлы шешу бағытында тиімді байланыс орнатып, жұмыс атқарудамыз, – деді Айгүл Оразқызы.
Аталмыш кеш одан әр түрлі сала кәсіподақтары төрағаларының марапаттарына ұласты. Алдымен кәсіподақтардың рөлі мен беделін арттыруға қосқан үлестері үшін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алғысхатымен облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Ерлан Құрмашев, «Жайықжылуқуат» АҚ ЖЭО машинисі Тоқтар Кушанов, «Батыс су арнасы» ЖШС ауысым шебері Валерий Погодаев, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының аға мейірбикесі Гүлсара Урасаева және басқа да бірнеше кәсіподақ мүшесі марапатталды. Одан бөлек әр саланың кәсіподақ мүшелеріне ҚР кәсіподақтары федерациясының 30 жылдығына орай грамота-алғысхаттар, облыстық кәсіподақтар орталығының алғысхаттары табысталды.
Салтанатты іс-шарада Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ БҚО филиалы, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы, «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ БҚО филиалы, облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақтарының марапаттары табыс етілді.
Іс-шара барысында салалық кәсіподақтардың 90-ға жуық мүшесі түрлі марапат алып, мерейі үстем болды.
zhaikpress.kz