Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Қауіпсіздікті өзіңнен баста!» шарасы өтті.
Аталмыш шараға Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері қатысты. Сондай-ақ шараға Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Арман Құмарұлы, облыстық мәслихаттың жас депутаты Шаттық Утебалиева, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Дулат Мақатов және құтқарушылар қатарына ерікті қосылуға ниет білдірген белсенді жастар қатысты.
Кездесу аясында шараға қатысушы тараптар «Жазғы уақыттағы төтенше жағдайдың алдын алу» атты өзара ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойды.
Сонымен қатар қала тұрғындарына адам өмірінің маңыздылығы, жазатайым оқиғалардың алдын-алу жұмыстары түсіндіріліп, жаднамалар таратылды. Жиналған ерікті жастарға офицерлердің жетекшілігімен алғашқы көмек шеберлік сабақтары көрсетіліп, су, от қауіпсіздік шаралары туралы практикалық жұмыстар жүргізілді.
Кәсіподақ жастарының өкілі, ҚР Кәсіподақ федерациясының «30 Еңбек елшісі» республикалық жобасының БҚО бойынша жеңімпазы Ақерке Шайқы өз сөзінде: «Қауіпсіз орта құру, қауіпсіздік шараларының сақталуына үлес қосу ұстанымдары кәсіподақ айналысынан алыс емес тақырыптар. Қауіп-қатердің пайда болатын жерінде де және дер кезінде оның алдын алатын ортада да еңбек адамының құқығы мен әлеуметтік жағдайлары көрініс табады. Біз – кәсіподақ жастары, қауіпсіз қоғам үшін құтқарушылар жасағына ерікті түрде қосылып, бірлескен белсенді шаралар атқаруға дайын екенімізді жеткіземіз, - деді.
«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ