«Атамекен» өнер ордасында облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевтің төрағалығымен форум өтті.
Форумда жергілікті өндірісті дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын өркендететін басты бағыттардың бірі – өңдеу өнеркәсібі саласын дамыту екенін атап өткен болатын. Сол бойынша мемлекет басшысы жергілікті өндіріс сапасын арттыру мақсатында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Тапсырмалардың уақтылы орындалуын қадағалау, жоба-жоспарларды пысықтау, мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын ұсыну үшін осындай форум ұйымдастырылды. Бұл форумда «ҚПО б.в.» және жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындардың өкілдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, алдағы уақытта атқарылатын шаруалар жайында ой алмасады. Осы іс-шараның кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенім білдіремін. Ретті жерінде айта кетейін, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,3%-ға өсіп, 3,7 трлн теңгені құрады. 2025-2029 жылдар аралығында 2,9 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда, – деді Қайыржан Ермекұлы.
Содан соң «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Марко Марсили сөз алып, бастамаларды қолдауға ниетті екенін жеткізді.
– Бұл форумның маңызы зор. Мәселелерді ашық талқылауға, сауал-сұрақтарыңызға толыққанды жауап беруге дайынмын. Келісімшарттар негізінде жүйелі, нәтижелі жұмыстар жүргізіледі деген ойдамын, – деді Марко Марсили.
Бұдан кейін ҚР Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалануды дамыту басқармасының бас сарапшысы Төрехан Қаженов мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ауқымды жобалар жүзеге асуы тиіс екенін жеткізді. Өз кезегінде «ҚПО б.в.» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев бүгінге дейін атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, алдағы уақытта іске асыралатын жоба-жоспарларға тоқталды.
«Азот зауыты» ЖШС директоры Максим Ермолаев, «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС бас директоры Юрий Никулица және «Ақбарыс» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі кеңесшісі Тимур Джарликаганов аталған кәсіпорындар туралы мағлұмат айтты. Осы кәсіпорындар қазіргі таңда «ҚПО б.в.» компаниясымен ынтымақтастықта жұмыс істеуде.
Жиын соңында «ҚПО б.в.» компаниясы мен «УральскАгроремМаш» АҚ, «West Oil» ЖШС арасындағы келісімшарттарға қол қойылды. Іс-шара аяқталған соң қатысушылар «Атамекен» өнер ордасының бірінші қабатында жасақталған тауар өндірушілердің көрмесімен танысты.
Мәрлен Ғилымхан,
Фотоға түсірген Мәди Салық
«Орал өңірі»