4.07.2023, 10:45
Оқылды: 61

Кәсіптік білім алуға мүмкіндік мол

Қазіргі кезде еңбекке ебі бар, шаруаның жөнін білетіндер үшін жұмысшы мамандарды даярлайтын оқу орындарының беделі зор. Десе де, сол мамандықты амалсыздан таңдай салғандарды да ұшыратып жатамыз. «Оқимын, үйренемін» деген жастарға кәсіптік білім беретін колледждерде барынша жағдай жасалған. Тек құлшыныс қажет. Еңбек нарығына нағыз керек мамандарды даярлайтын Теректі ауданының Подстепный  ауылындағы Теректі колледжіне бардық.

Авто жөндеу слесарі

Техникалық және кәсіптік білім беру бойынша мамандар даярлайтын бұл колледж 1967 жы-лы ашылған. Жарты ғасырдан астам тарихы бар оқу орны бүгінге дейін түрлі мамандық бойынша 7000-ға жуық маман даярлаған. Колледж директоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Серік Әлімбековтың берген мәліметіне сүйенсек, алғашқы жылдары мұнда Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері қызмет еткен. Солардың қатарында Асқар Әжімгереев, Әбіш Әділешев, Федор Пономарев, Николой Думчев сынды педагогтер болған. Міне, осы азаматтар өз уақытында оқу орнының ұйымшыл ұжымының қалыптасуына, білім беру сапасының жақсаруына айтулы үлес қосқан.

«Маңызы зор мамандықтарды сақтап қалды»

Осы күнге дейін колледж атауының өзі бірнеше рет өзгерген екен. Алғаш ашылған уақытта «Ауылдық кәсіптік-техникалық училище» деп аталса, бертін келе, «№11 орта кәсіптік-техникалық училище», «№11 кәсіптік лицей» болды, 2012 жылы «Теректі колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылған. 1990 жылға дейін мұндағы сабақ қазан айының 1-інен басталған. Өйткені студенттер мамандығына сай ауыл шаруашылығы жұмыстарына қатысып, тәжірибе жинайтын болған.

24c28ce4-9274-4882-9e4a-eaf3e98f4ba7

– Кәсіби педагогикалық ұжым қаншама өзгеріске куә болып, оқу үдерісін ұйымдастырудың жоғары деңгейін және маңызы зор мамандықтарды сақтап қалды. Біздегі оқытушылар бірінші кезекте студенттердің тәрбиесіне көңіл бөлуде. Сондай-ақ болашақ мамандардан жауапкершілікті талап етеміз. Айналасындағы адамдардың еңбегіне құрметпен қарауға баулимыз. Олардың өзін жан-жақты дамытуына, кәсіби деңгейін арттыруына мүмкіндік береміз, – деп бастады мекеме директоры Серік Ахметұлы.  Оның  сөзінше,     қазіргі таңда 9-сыныптан кейін түскендерге есептеу техникасы және ақпараттық желілер, тамақтандыруды ұйымдастыру, аутокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану бойынша 2 жыл 10 ай білім берсе, 11-сыныптан соң келгендер жеміс-көкөніс шаруашылығы, ветеринария мамандықтарына 10 ай оқытады. Күні кеше мәреге жеткен оқу жылын аталмыш колледж 180 студентпен тәмамдады.

Оқу ғимараттары жаңаша жабдықталған

Теректі колледжінің екі негізгі оқу нысаны, жатақханасы және спортзалы мен жазғы алаңы бар. Оқу нысандарынан бастап аралап, ондағы оқытушылар мен өндірістік шеберлерін сөзге тартып көрдік. Колледж оқу үдерісіне қажетті заманауи құрылғылармен жабдықталған. Соның ішінде аутокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығына оқытатын кабинеттегі интерактивті тақтаны айта кетуге болады. Сабақ барысында студенттер осы тақтаны пайдаланады екен. Оқу ғимаратында шағын кітапхана да бар. Аптасына 30-ға жуық студент осында келіп, негізгі пәндерге арналған әдебиеттер арқылы кәсіби білім-білігін жетілдіре түседі. Директордың өндірістік оқу жұмысы бойынша орынбасары Рустам Қадыржановтың айтуынша, оқу ошағында бүгіндері 70 қызметкер еңбек етуде. Олардың басым көпшілігі оқытушылар мен өн-дірістік шеберлер.

Компьютермен жабдықталған кабинетті көрдік. Біз барған кезде мұнда есептеу техникасы және ақпараттық желілер мамандығының ІІ курс студенттері емтиханға дайындалып жатыр екен. Пән оқытушысы Дархан Рахметовтың айтуына қарағанда, студенттердің сабаққа деген белсенділігі жоғары. Олар жаңа технологияны меңгеруге өте ықыласты көрінеді. Түрлі байқаулардан жүлделі оралып жүргендері де жетерлік. Солардың бірі – Мәдина Хабделсамат. Ол жақында «WorldSkills» байқауының облыстық кезеңінде І орынды жеңіп алған.

Электромонтер

– Бүгінде ІТ саласындағы мамандарға сұраныс жоғары. Сол себепті осы саланы таңдадым. Осындағы оқытушылардың берген білімі басқа білім беру орындарынан кем емес. Болашақта жоғары білім алмақ ойдамын, – деді студент Мәдина.

Оқытушылар жастардың білім алуымен қатар, ортаға бейімделуіне жағдай жасауда. Мәселен, демалыс күндері немесе сабақтан тыс уақытта студенттерді қалаға әкеліп, тарихи орындармен таныстырып тұрады. Музыкалық жетекші Алмагүл Жұбанышева кәсіптік бағытта білім алып жатқан жастардың мәдени-рухани кештерден қалмайтынын айтты. Қайта белсенділік танытып, өнерлерін көрсетіп жүр екен.

Жайлы да тегін жатақхана

Маңдайында «Жатақхана» деген жазуы бар бір қабатты ғимаратқа бас сұқтық. Меңгерушісі Нұрсұлу Дәуітова 60 орындық студенттер үйінің тыныс-тіршілігін былайша әңгімеледі.

– Біздің жатақханаға көбіне Ақжайық, Бөкей ордасы, Казталов аудандарынан және өзіміздің Теректі ауданының орталығынан келген студенттеріміз қоныстанады. 2022-2023 оқу жылында 31 студент тұрып шықты. Олардың 9-ы қыз болса, 22-сі – ер бала. Әр бөлме екі адамдық. Танымдық бөлмеде өз қолдарымен түрлі бұйымдарды жасап, тарихи мұралар жайлы тың ақпараттарды тыңдайды. Демалыс бөлмесінде тәрбие сағаттар мен мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. Студенттер жатақханада тегін тұрады. Сондай-ақ мұнда оларға бір мезгіл ыстық тамақ беріледі. Бірінші кезекте тәртіпті қадағалаймыз. Жалпы жатақхана ғимаратының ескі екені рас. Десе де, әр мезгілде жылы. Ыстық және салқын судың тоқтап қалған кезі жоқ. Соған қуанамыз, – дейді Нұрсұлу Төлегенқызы.

Жатақханада тұратын Гүлназ Ізімқұлова қазіргі кезде ІІ курста оқып жүр. «Ата-анам осы колледжде оқуға кеңес берді. Көп ойланбастан таңдадым. Теректі ауданының орталығынан келіп, қазір студенттер үйінде тұрып жатырмын. Жатақхана тегін әрі жайлы», – дейді ол.

Жылыжай  мен  көлікжай 

Жеміс-көкөніс шаруашылығына маманданатын студенттер жылыжайдан сараманнан өтеді. Өндірістік оқыту шебері Ораз Есенбековтың айтуына қарағанда, бұл жақта көкөністердің бірнеше түрін күтіп баптайды. Біз барған кезде қырыққабат егуде екен.

Аспаз

– Мен үшін осы мамандықтың ашылмаған қыр-сыры көп. Сондықтан қызығып, осында оқуға түстім. 10 ай уақыт көп дүниеге көз жеткізу үшін аз да шығар. Келешекте де оқыту шеберлерімен байланыста болып, біраз нәрсені үйренемін. Дәл қазіргі сәтте біз іс жүзінде өзіміздің қарым-қабілетімізді байқап көруде-міз, – деді Асхат Құлтоқаев.

Одан кейін ауласында 5-6 ауыр техника тұрған көлікжайға келдік. Мұнда да екі-үш студент болашақ мамандықтарының қыр-сырына қанығуда. Өндірістік аға оқыту шебері Болат Қодасов аутокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығын таңдаған 43 студенттің сараманнан өтуде екендігін айтты.

– Бүгіндері сұраныс жоғары мамандардың бірі – аутослесарьлар. Бізде І курстың ІІ жартыжылдығында өндірістік сараман басталады. Ал ІІ курста аптасына екі реттен жыл бойы өтеді, – деді өндірістік шебер Болат ағай.

Жеке кәсібін ашқан түлектері аз емес

Колледж директоры Серік Әлімбековтың мәліметіне қарағанда, былтыр 101 студент бітірген болса, соның 82-сі жұмысқа орналасқан. Жалпы кәсіптік бағытта білім алған мамандардың екі қолына бір күрек табылатын көрінеді. Аспаз, яғни тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығында оқитындарды ауылдың асханаларына да жұмысқа шақыратын көрінеді.

– Бүгінгі күні түлектердің жұмысқа орналасу көрсет-кіші жаман емес. Мәселен, былтыр бітіргендердің көбі өндірістік сараман кезінде-ақ өздерінің қабілет-қарымын көрсетіп үлгерді.  Осы ретте айтайын, біздің 50-ге жуық әлеуметтік серіктесіміз бар. Соның ішінде «Исенова» жеке кәсіпкерлігі, «Қазавтожол» ЖШС, «Батыс Қазақстан АЭК» АҚ, «Төлеңгіт» және «Шайхиев» шаруа қожалықтарын атап өтуге болады. Біз аталған серіктестермен тығыз байланыстамыз. Сол себепті студенттер өндірістік сараманды қай мекеме-кәсіпорыннан өтерін білмей дал болып жүрмейді. Ал сараман кезінде өзін адам ретінде де, маман ретінде де жақсы көрсете білгендерді жұмысқа алып қалып жатады, – деді директор.

Түлектердің арасында өз кәсібін дөңгелетіп отырғандары да аз емес. Солардың бірі – Анар Қайрекенова. Ол – колледждің 2015 жылғы түлегі. Жеміс-көкөніс шаруашылығы мамандығы бойынша білім алған. Былтыр «Orle» бағдарламасына қатысып, жобасы грантқа лайық деп танылған. Қазіргі кезде өзінің жеке жылыжайы бар.

– Бағдарлама бойынша грантты былтыр қыркүйек айында алып, биыл іске кірістім. Бүгінде көбіне көкөністерді баптаудамын. Жылыжай өнімдерінің табыс мөлшері алдағы мезгілде белгілі болады. Негізінде, жұмысшы мамандықтарды таңдағандардың өкініп жүргенін көрмедім. Көбі осындай кәсіптің көзін тауып алады. Өйткені олардың еңбекке еті үйренген. Бұл жерде ізденістің де, мамандыққа деген ынта-ықыластың да маңызды екені рас. Мен жасымнан бау-бақша баптауға қызығатын едім. Кейін Теректі колледжінде 10 ай оқыдым, бағбандыққа оқығаным жақсы болды, білмегенімді біліп, бау-бақша дақылдарын баптауға қаныға түстім, – деп ағынан жарылды Анаргүл Қуанышқалиқызы. Айта кетейік, ол 2020 жылдан бастап құс шаруашылығымен де айналысып келеді. Теректі ауданындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. Сондай-ақ былтыр «ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері» атты респубилкалық байқаудың жеңімпазы атанған.

Аманжол Исламғали,

Фото: Мәди Салық

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале