20.12.2022, 9:00
Оқылды: 59

Қасіреттен сабақ алайық

Қазақ елінің жаңа тарихында орын алған Қаңтар оқиғасына да бір жылға жуық уақыт өтті. 2022 жылды келеңсіз жайтпен бастаған ол оқиға қалай өрбіді? Неден басталды? Оралдағы толқу қалай болғанын бір шолып өтсек... 

қаңтар оқиғасы (3)

Оқиға Жаңаөзен қаласынан бастау алды. Қаңтардың 1-і күні қала әкімдігінің алдына жиналған халық сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етті. Ол кездегі көпшіліктің талабы заңды болатын. Өйткені газ бағасы, расымен де, негізсіз көтерілді. Бірақ жергілікті жауапты тұлғалар мен антимонополиялық құрылым бұқараның талап-тілегіне ден қоймады. Көп ұзамай алаңға шыққан адам саны күрт артып, 600-ге жетті. Сол уақытта тараған кей ақпараттарда толқу стихиялық сипатқа ие бола бастады. Жиналған ағайынның ішінде нақты көшбасшы жоқ екені айтылды. Сонда да жиналған жұртқа басу айтып, алдына шыққан жауапты адам табылмады. Қаңтардың екісінен үшіне ауған түні ереуілшілер саны 5000-нан асты. Жаңаөзендік ағайынды қолдаған Ақтау тұрғындары да жергілікті әкімдікті бетке  алып, газ бағасын төмендетуді сұрап, көшеге шықты. Полиция осы кезде ешқандай күш қолданбай, жай ғана  бақылауда ұстады.

Көпшілік жиылып, наразылық білдірген жерде арандатушылар да болатыны анық. Бірақ маңғыстаулықтар елді бүлікке шақырып, «батыл қимылдарға» шақырған шолақбелсенділерді микрофонға жақындатпай, халықты бейбіт түрде наразылық білдіруге үндеді.             Дәл осы шақта ел Президенті Қ. Тоқаев Twitter арқылы «Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырғанын» хабарлап,  шеруге шыққандарды қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырды.

– Азаматтардың  жергілікті және орталық билік құрылымдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ  ол заңға, нақтырақ айтқанда, «Бейбіт шерулер туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек, - деді  Президент. Сол  кезде Премьер-министр болған Асқар Мамин Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды бағамдау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында газ құнын 120-дан 85-90 теңгеге дейін төмендетті. Бірақ халық оған көне қоймады. Қаңтардың 4-і күні еліміздің басқа өңірлері де наразылық акцияларына шығып, өз талаптарын қойды. Бұл күні ереуілшілер саны 37 мыңға жетті. Ал Маңғыстауға барған үкіметтік комиссия мүшелері белсенді топ мүшелерімен кездесіп, газ бағасы 50 теңгеге түсті. Бірақ наразылық онымен тоқтамады. Өз талабын қойған шерушілер «Үкімет отставкаға кетсін!» деген Үндеуін жариялады. Дәл осы күні бейбіт шеру өз бейнесін өзгертті. Алматы мен Шымкент көшелерін толтырған халық мемлекеттік нысандарға шабуыл жасап, көліктерді өртеп, тәртіпсіздіктер орын ала бастады.

Алматыда полицейлер мен әскерилердің 32 көлігі, 5 өрт сөндіру машинасы, 30-дан астам «Жедел жәрдем» көлігі істен шықты. Кейбіреулер үш (3) «Жедел жәрдем» көлігін айдап кеткен. Шымкентте бір тәулік ішінде 21 полицей көлігі қиратылып, өртелді. Ұлттық ұланның 5 жауынгері, 15 полицей соққыға жығылғаны жайында хабар тарады. Дәл осы құқық қорғау қызметкерлері тәртіпке бағынбай кеткен бүлікшілердің полицейлерге, әкімшілік нысандарға шабуылын тойтару үшін құлақ тұндыратын жарықты-шулы гранаталарды қолдана бастады. Оған жауап ретінде ереуілшілер де өздерінде бар қаруларды қолданды.

қаңтар оқиғасы (2)

Қаңтардың 5-і күні бүлік елдің біраз қаласын шарпыды. Көшеге шығып, шындықты естігісі келген, наласын айтсақ деген халықты қалқан еткен белгісіз күштер зұлым ниетін іске асыруға тырысып, дегеніне қол жеткізді. Бірақ қалаларда ереуіл соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, ғамараттар қирады, аттанға ерген топ қарсы кездескенді жайратты, қан төгілді, ел ішін үрей жайлады. 30 жылдық бейбіт аспанымызды қара бұлт торлап, елдік пен тәуелсіздік мәңгі ел боламыз деген асыл арман адыра қалғандай болды.

– Баршаңызға тағы да айтарым, іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды. Ал жастарға айтарым, жарқын болашақтарыңа балта шаппаңыздар, жақындарыңыз бен туған-туысқандарыңыздың жағдайын ойлаңыздар, – деді  ел Президенті қаңтардың 5-і күні жариялаған үндеуінде. Сонымен қатар қаңтардың 5-інен 19-на дейін елде төтенше жағдай жариялау туралы Жарлыққа қол қойды.

Шыны керек, ол кезде ел іші, расымен де, үлкен майданға айналғандай күй кештік. Тіпті дүкеннен телефон ұрлап, кей ғимарат ішіндегі банкоматтарды тонағандар түсіп қалған бейнероликтер көбейді. Интернет пен мобильді байланыс белгілі бір уақыт аралығында ғана жанданды. Президент бірнеше мәрте Үндеу жариялап, халықты арандап қалмауға шақырды. Бірақ бүлік тоқтамай,  ел тұтастығына қауіп төнгендіктен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде, әрі бейбіт тұрғындардың өтінішіне орай осы күннен бастап Президент барынша қатаң әрекет ететінін мәлімдеді.

Оралдағы шеру

Жаңаөзеннен басталған толқуға өңір жұрты да өз үлесін қосты. Ереуілге шыққан халық Орал  қаласының шетіндегі «Дина» гипермаркетінің алдына жиылды. 500-ге жуық тұрғын өз наразылығын біл-діріп, талап-тілектерін де айтты. Митинг ұйымдастырушылары заңды қатаң сақтап, ешқандай арандатуға  ермеуге шақырумен болды. Жиналған жұрт та заң білетін, ереуіл ұйымдастырушылардың сөзіне құлақ асып, тәртіпсіздікке бармауға уағдаласты.

Көп ұзамай «Дина» гипермаркетінен бастап  қала орталығындағы Абай алаңына жаяу ағылған халық өз наразылығын осылайша білдірді. Бірнеше шақырым жаяу жүріп өткен халық саны көбейе берді. Кей көшелерде көлік жүрісі баяулады. Осылайша Абай алаңына жеткен кезде халық қарасы тіптен артты.

– Өз  талабымызды ашық айттық. Ұйымдастырушылардың арандатуға жол бермеуге шақырғанына куәміз. Бейбіт митингті қолдаймыз. Бірақ бетін тұмшалап, малақайларын қабағына дейін түсіріп алған бірнеше жас бала қасымызға келіп, тобыр болып шулағанша, ел болып, күш көрсетейік деген үндеулерін айтты. Бірақ жасы үлкен кісілер ондайларға бірден тойтарыс жасап, тыйып отырды, – деді  жаяу шеруге шыққан жерлесіміз Жәнібек Ықсанов.

Расымен де, Абай алаңына халық келгенде көпшілік ішінде бетін тұмшалаған бірен-саран азамат жүрді. Танысымды кезіктіріп қап, онымен әңгімелесіп тұрған шақта жанымызға келген еңгезердей қара жігіт полицияны жек көретінін, әкімдік ғимаратына шабуыл жасау керектігін айтып тұрғанын құлағым шалды.

Халық жиналған шақта сол кезде облыс әкімі қызметін атқарған Ғали Есқалиев көпшілік алдына шықты. Облыс басшысын қоршаған көпшілік оның орнын босатуын талап етті. Әкім уәжіне құлақ асқандар аз болғанымен, митинг ұйымдастырушылары нақты талабын қойып, халық сөзін жеткізуге тырысты. Түс қайта алаңға киіз үй құрылып, наразылық білдірушілер түнеуге бекінді. Сағат 15.00-ден кейін ұялы байланыс, мобильді интернет жоғалды. Түн ортасында күштік құрылымдар ықпалымен алаңға жиналғандар таратылды.

Қаңтар қырғынына жауаптылар тұтылды ма?

Жуырда «Halyq Uni» порталында қаңтар оқиғасына байланысты 5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелгені туралы ақпарат шықты. Онда еліміздің Бас прокуратурасы  аталмыш оқиғаға қатысы бар қылмыстық топтарды атағаны айтылды.

Ақпаратты Арман Жұмакелдиев («Дикий Арман») және Айшуақ Жантүгел топтарының қылмыстық әрекеттерінен азаматтар зардап шегіп, қаза тапқаны жайында жазылған. Ол ақпаратты орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов тілге тиек еткен.

Қазіргі таңда осы оқиғаға қатысты  5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Оның барысында 4,5 мыңнан астам сараптамалық зерттеу жүргізіліпті. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу және ұйымдастыру фактісі бойынша 131 іс сотқа дейінгі тергеп-тексеруден өткен. Сол қылмысты жасағаны үшін 931 адам күдікті деп танылып, 96-сы қамалса, 481 адам сотталыпты.

қаңтар оқиғасы (1)

«Еліміздің қалаларында 1 466 ғимарат пен мекеме қирады, оның ішінде 1 395 бизнес нысаны және 71 мемлекеттік мекеме бар. Төтенше жағдай, полиция, «Жедел жәрдем», басқа да мемлекеттік құрылымдардың 345 қызметтік аутокөлігі және 116 азаматтық аутокөлік қолданысқа жарамсыз болып қалды. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан 16 медицина, 34 өртке қарсы қызмет және 8 құтқару қызметінің қызметкерлері әртүрлі деңгейдегі жарақат алды», – деді  Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Е.Қилымжанов.

Қасіретті қаңтар кезінде ұрлық жасағандар да болды. Мұндай фактілер бойынша 2 645 іс сотқа дейінгі тергеп-тексеруден өткен. Ұрлыққа қатысы бар 484 адам күдікті деп танылып, 2 адам қамауға алынса, 460 адам сотталған. Жалпы Қаңтар оқиғасы бойынша 1 350 адамға қатысты 673 іс сотқа жіберілген. Қылмысы дәлелденген 1 113 азамат сотталып, 315 адамға қатысты 127 қылмыстық істің тергеуі жалғасуда.

Қалай дегенде де, тиісті деңгейде, сот әділ өтелі деген үміт бар. Айран ішкен құтылып, қаспақ қырған тұтылмаса болғаны.

 

Түгелбай  Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале