«Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біріккен ұлттар ұйымының басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына, саясаткерлерге және сарапшыларға ризашылығымды білдіремін. Съез өткізу туралы бастамамызға сіздердің қолдау көрсеткендеріңіз еліміз үшін өте маңызды»,- деді Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жалпы отырысында.
Сондай-ақ Президент аталмыш съездің мәні мен маңызына тоқталды.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүгінде жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген.
Діни форумға арнайы қонақ Рим Папасы Францисктен бөлек Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйым өкілдері қатысуда.
Кеше кешке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев съездің арнайы қонағы Рим Папасы Францискті елорда әуежайынан күтіп алды.
Кейіннен Қазақстан Президенті мен Рим Папасы азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті.
Кездесуде католик шіркеуінің басшысы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартқанына жоғары баға беріп, Қазақстан Конституциясының наным-сенім бостандығының кепілі екенін атады.
Дін көшбасшысы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим Папасы Иоанн II Павел Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтіп жатыр. Бүгін ол елордада месса өткізеді. Оған 3 мыңға жуық адам қатыспақ.