Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарына берген сұхбатында Қазақстандағы оқиғаларға қатысты Еуропарламент қарары жөнінде пікір білдірді.
Сұхбат жүргізушісі Президенттен бұл құжат пен жалпы Еуропарламент институтына көзқарасын сұрады.
«Институт ретінде Еуропа Парламентіне рационалды түрде қараймын деуге болады. Өйткені институттың өзі бар. Егер адамдар оған мүше мемлекеттердің қанша қаржы төлейтінін білсе, бұл институтқа сыни көзқарас басым болар еді. Бірақ қандай жағдай болса да, пікір білдіргім келмейді, өйткені бұл Еуропалық Одақтың шаруасы. Егер олар мұндай институтты осынша қаражатқа ұстап тұру керек деп санаса, мархабат», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл қарардың еш міндетті емес, ұсынымдық сипатта ғана екенін еске салды.
«Олар Қазақстан бойынша екінші рет қарар қабылдады, бұл жолы еш әділетсіз, алдын ала қабылдап отыр. Сондықтан менің бұл шешімге деген көзқарасым жайбарақат», - деді Қ. Тоқаев.
Еске сала кетсек, Францияның Страсбург қаласында Еуропа Парламентінің биылғы алғашқы пленарлық отырысы өтіп, онда Қазақстандағы қаңтар оқиғалары талқыланды. Жиыннан кейін арнайы қарар қабылданды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдеді.
Сонымен бірге, Президент Қазақстандағы оқиғаларға халықаралық тергеу жүргізу ұсынысын қолдамайтынын айтты.
«Қазақстандағы оқиғаларға халықаралық тергеу жүргізуге келсек, мен мұндай тергеуді жүргізу қажет деп санамаймын. Өзіміздің де шамамыз жетеді. Бізде әділ, объективті адамдар бар. Бүгін де қоғамдық комиссияларды басқаратын кейбірінің есімін атадым. Мен де, менің әкімшілігім де бұл комиссияларды құруға қатысқан жоқпыз. Олардың өздері осындай институттар құруға шешім қабылдады. Олар жұмыс істей берсін. Өйткені мен де ақиқатты, шындықты білуге мүдделімін», - деді Президент.
Дереккөз: ҚазАқпарат