8.02.2020, 12:17
Оқылды: 44

Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады

tokaev

-Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды.

Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды.

Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін.

Қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алды.

Осыған орай, мен Үкімет комиссиясын құруды тапсырдым.

Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев төрағалық етеді.

Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтайды.

Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады.

Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады.

Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.

Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім.

Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді.

Азаматтарды жалған қауесеттерге бой алдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын.

Мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды,- деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгін түсте Нұр-Сұлтан қаласында Орталық коммуникация қызметінде оқиғаға байланысты брифинг өтті. Оған қатысқан Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәлімдеуінше, 7 ақпан кешкі сағат 19:00-де Қордай ауданының Масанчи ауылында 70-тен астам адам қатысқан төбелес болған. Мессенджерлер арқылы тараған жанжалдың видеосын көріп, басқа аймақтардан 300-дей азамат оқиға орнына жеткен. Жаппай төбелесте екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқ, тіпті аңшылық қару қолданған. Салдарынан 8 адам көз жұмып, 40-тан астамы жараланған.

Қазір «бұзақылық» және «кісі өлтіру» баптарымен іс қозғалған. Қазақ-дүнген қақтығысында 30-дан астам тұрғын үй, 15 сауда дүкені, 23 автокөлік өртенген. Ішкі істер министрі 47 күдікті ұсталып, оның екеуінен қару құралы тәркіленгенін мәлімдеді. Ал Ақпарат министрі Дәурен Абаев «ақпарат таратуда абай болуға» шақырды.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале