Биыл облыста 124,7 мың га жерге үйірлі және үйірсіз шегірткелерге, аса қауіпті зиянды ағзалар мен ауруларға, зиянкестерге, карантиндік нысандарға қарсы химиялық өңдеу жүргізілмек. Осынша жердің өңделетіні «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ-ның облыстық филиалы мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жүргізген зерттеудің нәтижесінде белгілі болды.

Бұл туралы бейсенбіде облыс аумағында үйірлі және үйірсіз шегірткелерге, аса қауіпті зиянды ағзалар мен ауруларға, карантиндік нысандарға қарсы жүргізілетін фитосанитариялық іс-шаралар туралы жедел штабтың отырысында айтылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен өткен басқосуда түрлі зиянкестерге қарсы жүргізілетін фитосанитарлық іс-шараларға әзірлік және алда тұрған міндеттер сөз болды. Арман Кәрімұлы айтып өткендей, республикалық бюджет есебінен облыста үйірлі шегірткелерге қарсы 41 мың га, карантиндік нысандарға қарсы 806 га жерге химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Яғни Орал қаласының 3 ауылдық округінде және 9 ауданда үйірлі шегірткелерге қарсы «күрес» жүреді. Химиялық өңделетін жердің ең көлемдісі Қаратөбе ауданында (8,5 мың га), Сырымда (8 мың га), Бәйтеректе (7 мың га) және Теректіде (6 мың га) болып отыр. Ал облыстық бюджет есебінен саяқ шегірткелерге қарсы өңделетін жердің көлемі 59,6 мың га деп болжанған.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері болса, өз қаражаты есебінен 22,5 мың га жерді өңдеуі қажет. Мәселен, олар 15 мың гектарға зиянды бақашыққа, 5 мың гектарға астық қоңызына, 2,5 мың га жерге қоңыр тат ауруына қарсы өңдеу жүргізуі керек. Сондай-ақ карантиндік нысандарға қарсы 758, 5 га жерді өңдеужоспарланған. Бұл жұмыс негізінен Бәйтерек, Тасқала және Теректі аудандарында жүргізіледі.

– Жалпы өңірде шегіртке Бөкей ордасы, Қаратөбе, Сырым және Шыңғырлау аудандарының құмды жерлерінде таралады. Облыс бойынша соңғы он жылға талдау жасап қарасақ, 2013 жылы бұл зиянкеске қарсы 734 мың га жерді өңдеген екенбіз. Биыл максималды алғанда 41 мың гектарға өңдеу жүргіземіз. Егер 2016 жылы Ақтөбеден Қаратөбеге шегіртке «кіріп кетпегенде», биыл осынша өңделетін жердің болмауы мүмкін еді. Көршілес облыстан келген шегірткелер Сырым, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарында әлі бар. Химиялық улауға қажет пестицидтер аудандарға жеткізіп беріледі. Болашақта саяқ шегіртке мен үйірлі шегірткеге қарсы өңдеуді қосып жүргізу жөнінде тиісті ведомствоға ұсыныс жібердік. Егіс алқаптарында кездесетін аса қауіпті зиянкестер мен ауруларға қарсы 22,5 мыңга жерге өңдеуді ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз қаражаты есебінен жүргізуі қажет. Осы жұмысқа сатып алынған препараттар құнының 50%-ы субсидияланып отыр. Алайда бұл жауапты жұмысты ірі шаруашылықтар болмаса, уақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының атқармайтыны бізге құпия емес. Бұл мәселе жөнінде бірнеше рет құзырлы мекемелерге айтылып, жазылды. Өйткені барлық тауар өндірушінің улау, өңдеу жүргізуге жағдайы жоқ.Сондықтан да аса қауіпті зиянкестерге қарсы өңдеуді бұрынғыдай республикалық бюджет есебінен жүргізу жөнінде құзырлы құрылымдарға ұсыныс бердік. Тағы бір айтатын жайт, карантиндік зиянкес жұпсыз көбелеке қатысты болып отыр. Соңғы екі жылға дейін жұпсыз жібек көбелегіне химиялық өңдеу жұмыстары мемлекет қаражаты есебінен жүргізілді. 2020 жылдан бастап жеке және заңды тұлғалардың өз қаражаты есебінен жүргізілуі тиіс болды. Алайда соңғы жылы жұпсыз жібек көбелегінің таралу ошақтарының көлемі азаймай отыр.Мәселен, жұпсыз жібек көбелегіне қарсы жүргізілетін өңдеу жұмысының көлемі 2018 жылы 505 га, 2019 жылы 235 га, 2020 жылы 513 га, 2021 жылы 1956 гектарға артты. Облыстың Бәйтерек, Бөрлі, Теректі және Шыңғырлау аудандарындағы ағаш көшеттеріне қауіп төндіріп отырған жұпсыз жібек көбелегінің көбейіп кетуінің алдын алу қажет. Ол үшін өңдеу жұмысына қаржы бөлуді ұсынамын. Әйтпесе орманнан айырылып қалатын шамамыз бар, – деді басқосуда ҚР АШМ АӨК МИК облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов та инспекция басшысының сөзін құптады. Шаруа қожалықтарының өз есебінен жүргізетін улау, өңдеу жұмысының мардымсыздығын алға тартты. «Бұрын фитосанитарлық іс-шараларға республикалық бюджет қаражаты жұмсалатын. Қазір шаруашылықтар кейбір зиянкестермен күреске өз қаржысын шығарады. Алайда, көріп отырғанымыздай, біз бұл іске әлі толық дайын емес сияқтымыз. Орман қорын сақтау да зор жауапкершілік екенін естен шығармауымыз керек. Өйткені қураған ағаштарды кесу, орманды тазалау бір басқа мәселе болса, жасыл желекті түрлі аурудан сақтау да өте өзекті. Шаруа қожалықтары зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргізбесе, жер де, өсімдіктер де бүлінеді. Ал біздің шығарған өніміміз жарамсыз, ешкімге қажетсіз болып қалады. Сондықтан фитосанитарлық іс-шараларды жүргізбейтіндерге қатаң шара қолдану керек», – деді Арман Кәрімұлы.
Басқосуда ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин, ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» БҚО филиалының басшысы Алтай Алдабергенов, Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев сөз алды. Жиналыс қорытындысы бойынша хаттамалық шешім қабылданады.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz