23.05.2024, 11:00
Оқылды: 88

Қауіпсіз жол, қауіпсіз мектеп

Жуырда облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мектеп қауіпсіздігін тексеру мақсатында Оралдағы біраз білім ошағын аралады.

 мектеп жп проверка (5)

- Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Бұл – еш уақытта өзектілігін жоғалтпайтын талаптардың бірі. Балалар арасында жазатайым жағдайлар орын алып жатады. Бұл – ведомствоаралық байланыстың әлсіздігінен. Сондықтан біз тиісті құрылымдармен бірге балалар қауіпсіздігіне арналған арнайы жоспар бекітіп, жұмыс тобы құрылды. Жоспар бойынша атқарылған жұмыстарды зерделеп, берілген ұсыныстардың қай деңгейде орындалып жатқанын білу мақсатында үш ай сайын өзім тексеріп, қадағалап отырамын, – дейді Бақытжан Нарымбетов.

мектеп жп проверка (7)

Облыс әкімінің орынбасарымен бірге облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова, облыстық полиция департаменті және қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері нысандарды аралады. Бұл топ жұмысын қаламыздағы №25 орта мектептегі қауіпсіздік шараларын тексеруден бастады. Жол полициясының өкілдері мектеп ауласындағы кіреберіс жолдың балалар үшін тым қауіпті екенін айтты. Мектеп ауласынан балалар бірден көлік жүретін жолға шығады. Тар жолдың ар жағында үйлер орналасқан. Ол жерде тротуар салатын мүмкіндік те жоқ. Сондықтан балалар кіріп-шығатын кіреберіс жолды өзгерту керек деген ұсыныс айтты полиция қызметкерлері. Бұл ұсыныс облыс әкімінің орынбасары тарапынан сол жерде қолдау тауып, өзгерту жұмыстары жаңа оқу жылына дейін жүргізіледі.

мектеп жп проверка (9)

№13 орта мектептің директоры Айсұлу Серікқызының айтуынша, мектептің маңындағы екі аялдама да балалар үшін қауіпті.

– «Меркурий» сауда үйінің қасындағы аялдама жаяу жүргіншілер өткелінен қашықтау. Сондықтан аялдама орнын өзгертіп, өткел тұсына орнатса дұрыс болар еді.

Осы сауда үйінен асып тоқтайтын келесі аялдама да балалар үшін қолайсыз. Өйткені автобус сол жерге тоқтап бірден бұрылып кетеді. Ол жерде ешқандай белгі болмағасын балалар жолдан жүгіріп өтеді. Сондықтан бұл жерге бағдаршам, жасанды кедергілер қойылса, дұрыс болар еді. Мектептің балалар кіріп-шығатын екінші есігі де жол бойында. Ол жолда белгілер қойылмағандықтан, көліктер құйғытып өтеді. Алдажалда балаларымызды қағып кете ме деп алаңдаумен жүреміз, – деген №13 мектеп директоры Айсұлу Налиева балалар жүретін көшеге жарықшамдар қажеттігін де жасырмады.

мектеп жп проверка (10)

Келесі аялдаған №46 мектеп те ерекше жерде орналасқан. Мектептің сол жақ бөлігіндегі 9-шағынауданнан балалар көп қатынайды екен. Бірақ олар келетін тіке жолда жаяу жүргінші жолы жоқ. Сондықтан мектептің дәл қасына жылдамдықты шектеу, балалар белгісін және жаяу жүргіншілер жолын орнатуды сұрайды мектеп директоры Ибагүл Сатдыкова.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Олжас Ибрайымовтың айтуынша, біраз мектепте жаяу жүргіншілер жолағы, жасанды кедергілер орнату және басқа мәселелер нысанаға алынды.

– Жылдың басында облыстық полиция департаменті, облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, облыстық білім басқармасы өкілдерімен бірге балалардың қауіпсіздігіне орай тексеріс жүргізіліп, жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша арнайы жоспар әзірленген еді.  Бұл бағытта біраз жұмыс істелінді. Бірақ әлі де жасалуы тиіс іс-шаралар аз емес. Бүгін біраз мектепті аралап, көп жерлерге жылдамдық шектеу, балалар белгісі және жаяу жүргіншілер жолы, бағдаршам орнату қажеттігін назарға алдық. Жалпы барлық мектепте қосымша тротуар жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан көбіне балалар көлік жүретін жолдармен жүреді. Балалар қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жол ережесін күшейту жұмыстары жалғаса береді, – дейді полиция майоры Олжас Ибрайымов.

Мектептерді аралап болған соң, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне барып, тұрғындармен кездесті. Бақытжан Хаберұлы мәлімдегендей, 2023 жылы облыс әкімі Нариман Төреғалиев жасөспірімдер үйіне келіп, кездесіп, жағдайды көзбен көріп, облыстық құрылыс басқармасына ауланы абаттандырумен қоса, ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіп, жедел аяқтауға тапсырма береді. Облыс әкімінің берген уәдесіне сәйкес межелі уақытта жөндеуі аяқталып, тұрғындар жарқырап, жаңарған баспанасына оралады.

Заманауи талапқа сай жабдықталған тұрғын бөлмелері, жуынатын және шаруашылыққа арналған бөлмелер айнадай жарқырап тұр. Тұрғындарға өмір сүруге қажетті барлық жағдай жасалған.

«Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің меңгерушісі Өмірбай Қалымбетовтің айтуынша, ғимаратта біркісілік – 51, екікісілік 24 бөлме бар.

– Жасөспірімдер үйі 2001 жылы ашылды. Содан бері 23 жыл жөндеу көрген жоқ еді. Қазір балаларымыз жөндеу жасалған жаңа жерге келіп, қуанып жатыр. «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде 92 ересек адам, 71 бала бар. Екікісілік бөлмелерде отбасылы, балалы-шағалы адамдар тұрады. Көпбалалы 8 отбасы бар. Былтыр облыс әкімдігінің қолдауымен «Отбасы» банкі арқылы төрт отбасы үй алды. Әкімдік берген уәдесін орындап жатыр. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ, – дейді бізбен ой бөліскен Өмірбай Қалымбетов.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале