4.06.2025, 9:30
Оқылды: 134

Қауіпсіздік ережесін елемесең – айыппұл!

Жуырда өңірлік  коммуникациялар қызметі алаңында өткен  баспасөз мәслихатында  облыстық  төтенше  жағдайлар  департаменті  азаматтық  қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Шариев  пен  департаменттің  мемлекеттік өрт бақылау  басқармасы  басшысының  уақытша  міндетін атқарушы Нұрсұлтан Серіков шомылу  маусымы  және  өрт  қауіпсіздігі кезеңіндегі қауіпсіздік тақырыбында баяндама жасады. 

ТЖ Серіков (1)

2023 жылы облыста су айдындарында демалыс, туризм және спортқа арналған 31 орын (10 коммуналдық, 21 жеке жағажай) белгіленген. Биыл 34 орын көзделген жаңа жоба әкімдікке келісуге жолданған.

ТЖ Шариев (1)

– Су айдындарының түбін тексеру және тазарту жұмыстары келіп түскен өтінімдер мен бекітілген кестеге сай келесі аптадан басталады. Бүгінге дейін жағажай иелерінен 19 өтініш түсті. Облыста 35 рамалық-модульдік бассейн бар, оның 21-і – балалар лагерьлерінде, 14-і мектеп жанындағы лагерьлерде жұмыс істейтін болады. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін шомылу маусымына 5 мобильді сүңгуір тобы, 28 жүзу құралы мен 34 сүңгуір жабдық жиынтығы дайындалды. Құтқарушылар қауіпті және жабдықталмаған су айдындарын қадағалайды. Департамент пен полиция бірлесіп, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Қазірге дейін 515 рейд өткізіліп, 5 мыңнан астам үгіт материалы таратылды. Сонымен қатар қауіпті және жабдықталмаған орындарға 279 тыйым салу белгісі мен 44 ақпараттық баннер орнатылды. Биылғы 1 сәуір – 1 мамыр аралығында облыс мектептерінде су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне арналған сабақтар, әңгімелер, нұсқаулықтар мен алғашқы медициналық көмек бойынша шеберлік сабақтары өтті. Биыл су айдындарында адам өлімі тіркелмеді. Ал 2024 жылдың осы кезеңінде Сырым ауданында бір адам қаза болған. Жалпы, өткен жылы 16 адам суға кетсе, оның алтауы – бала. Жыл басынан бері судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін сегіз жеке және бір заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес бұл ережені бұзған жеке тұлғаларға 7 АЕК (27 734 теңге), ал заңды тұлғаларға 10 АЕК (39 620 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады, – деді Руслан Исмагилұлы.

Спикердің айтуынша, су айдындарында болатын қайғылы жағдайлардың басты себептері – рұқсат етілмеген әрі жабдықталмаған жерлерде шомылу, мас күйде суға түсу, жүзе алмау және балаларды қараусыз қалдыру. Ал Нұрсұлтан Уәлиханұлының баяндауынша, биыл облыс аумағында бір орман өрті (ауданы 6 гектар) және 40 дала өрті (329,5 гектар) тіркелді. Ал өткен жылдың осы кезеңінде бір ғана табиғи өрт оқиғасы болған.

– Облыс аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрамында 84 адам бар 15 мобильді топ құрылып, 325 рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 6530 тұрғынға жадынама таратылып, өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы ұйымдарында 1106 адамды қамтыған 42 жиын мен 32 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге 587 ақпарат жарияланған. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 329 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы – 1 425 350 теңге. Табиғи өрттердің негізгі себептері – демалыс орындарында, саңырауқұлақ пен жидек теру кезінде қоқыс жағу, темекі тұқылын немесе жанып тұрған сіріңкені өшірмей тастау, сондай-ақ жол бойында от жағу. Бұған қоса, саяжайларда, сенбіліктерде және табиғат аясында демалу кезінде тұрғындардың қоқыс пен құрғақ шөпті өртеу секілді қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан да өрт жағдайлары жиі болады, – деді ол.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 336, 367 және 410-баптарына сәйкес әкімшілік шаралар көзделген.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

ТЖ1 (1) ТЖ2 (1)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале