23.01.2024, 11:00
Оқылды: 111

Қауіпсіздік талабын қатаң сақтайық!

Өңір халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің 2023-2024 жылдары қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі өкімі бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында коммуналдық қызметтер мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қысқы кезеңіне дайындығы туралы мәселе қаралып, барлық мүдделі мекемеге нақты тапсырмалар берілген. Бұл туралы таяуда өткен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасының басшысы Рауан Қайырғалиев баяндады.

кауипсиздик брифинг

– Облыс бойынша 2023-2024 жылдары қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға барлығы 2480 адам, 955 бірлік техника, оның ішінде департаменттен өтімділігі жоғары 80 бірлік техника жұмылдырылған. Тұрғындарды ұялы байланыс операторлары (Kcell, Вelline, Теле2, Aсtiv), сонымен қатар «Darmen» қосымшасы мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қыс мезгілінде орын алатын әртүрлі қауіп-қатер жөнінде құлағдар етіп отырамыз. Осы уақытқа дейін батысқазақстандықтарға 206 sms-хабарлама жолданып, 30 рет ескерту жарияланды.

Қыс маусымының басынан бері ауа райының қолайсыздығына байланысты автомобиль жолдары 67 рет жабылып (республикалық жолдар 34 рет, облыстық жолдар 27 рет), 6 рет қозғалысқа шектеу қойылды. Бұған қоса 14 мәрте іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Өкінішке орай, ескертулер мен алдын ала жолданған хабарламаларға қарамастан, жүргізушілер мен жолаушылар жазғы дизель отынымен алыс жолға шығып, белгіленген жерлеріне жете алмай, тұрып қалып жатады. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 6 қазандағы №74 қаулысының 5-тармағына сәйкес уәкілетті құрылымның заңды талаптарына бағынбағаны үшін жүргізушілерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 667-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылатынын естеріңізге саламыз, – деген Рауан Биарыстанұлы сөз соңында қыс мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерін тағы бір еске салып, жолға шығар алдында метеорологиялық ақпаратты тыңдап, ауа райының өзгерісіне бейжай қарамауды өтінді.

Брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Қарабалаев пен Орал епархиясы ақпараттық бөлімінің басшысы Игумен Дорофей «Крещение Господне» мейрамына байланысты қолға алынған шаралар жөнінде ақпарат берді.

– Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында департаменттің аумақтық, құрылымдық және ведомстволық бағынысты мекемелерінің қызметкерлері суға түсу орындарында кезекшілікте тұрды. Биыл Орал қаласының аумағында арнайы жабдықталған 12 суға түсу орны белгіленді. Жалпы облыс бойынша 45 мұз ойығы дайындалды, – деді Қанат Мәлікайдарұлы.

Аружан Болатбекқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале