Ақ Жайық өңірінде еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне 4 зауыт қызмет етеді. Олар – «Зенит «Орал зауыты», «Гидроприбор «ҒЗИ», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» және «Оралагрореммаш» АҚ-лар.
Бұл кәсіпорындардың негізгі міндеті – мемлекеттің қорғаныс тапсырыстарын орындау есебінен елдің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету. Биыл олар жалпы шамасы 38 млрд теңгенің мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындауы тиіс. Алынған тапсырыстар негізінде 35 келісімшарт жасалды. Енді «Зенит» зауытында қандай шаруалар қолға алынды, тыныс-тірлігі қандай деген сұрақтарға жауап іздедік.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Орал қаласындағы «Орал «Зенит» зауыты» АҚ еліміздегі кеме жасау өндірісімен айналысатын әрі Каспий теңізінде еліміздің шекарасын қорғайтын кемелерді күрделі жөндеуден өткізетін басты кәсіпорынға айналды. Соның арқасында Отанымызды кеме жасаушы ел деп танитын мемлекеттердің қатары толығып келеді. Байырғы кәсіпорын кеме өндірісімен қатар, тапсырыс берушілерге жағалау жөндеу шеберханаларын, кемелерге арналған маневр және экипаждарды аман қалуға үйрететін оқу стансаларын құрастыруды игерді. Кей жылдары әлеуеті бұрыннан-ақ мықты «сарытіс» өндіріс орнының басшылығы тапсырыс түспеді деп қол қусырып қарап отырмады. Ұжымдағылар жұмыссыздар «армиясы» қатарын толықтырмас үшін мұнай өңдеу саласымен айналысатын компанияларға қажетті құбыр түрлерін шығаруды әрі жеткізуді қолға алды.
– Жалпы зауыт 1993-2022 жылдар аралығында республиканың күштік ведомстволары үшін 34 катер мен кеме шығарып, оларды пайдалануға берді. Оның ішінде «Сұңқар» жобасының – 4, «Бүркіт» жобасының – 7, «ЕС-19» жобасының – 5 жүрдек патрульдік, арнайы мақсаттағы бөлімшелер үшін жаңғыртылған арнайы бір, «Арктика» жобасының 2 амфибиялық, «Қайсар» жобасының 2 шекаралық катері бар. Сонымен қатар «Барс» жобасының – 6, «Барс-МО» жобасының – 4, «Айбар» жобасының 2 шағын күзет кемесі және бір маневрлік орналасу пункті (жүзбелі айлақ) құрастырылды. Орындау сатысындағы тапсырыстарымыз баршылық. Катерлер мен кемелерді жасап шығарумен қатар, өндірістегілер оларға техникалық қызмет көрсетумен, жөндеумен және жаңғыртумен де айналысады, – деді аталмыш акционерлік қоғамның бас директоры Қадыржан Мұқанов.
Бас директор өндіріс орындарын жаңғырту, заманауи технологияларды, жаңа жабдықтарды қолданысқа енгізу арқасында келешекте таза салмағы 1000 тоннаға дейінгі мамандандырылған теңіз кемелерін (әмбебап көпфункционалды және вахталық ауысымды жеткізуші, іздестіру-құтқару және өрт сөндіру кемелері, жүзбелі зертханалар, тіркемелер) шығаруға қол жеткенін айтады. Одан басқа диверсияға қарсы және десанттық катерлерді, жүзбелі айлақтарды, суландырылған аумақтардағы (құмды-қиыршықтасты қоспаны, құмды, шлам, асыл металдар және т. б. өндіру) топырақты немесе әр түрлі жынысты игеруге және орын ауыстыруға арналған техникалық флот құралдарын (жер сорғыш снарядтар) өндіруге мүмкіндік туған.
Бүгіндері зениттіктер ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің қолдануы үшін көпфункционалды кемесінің тәжірибелік үлгісін жасау бойынша келісімшарттың 2-кезеңін орындауда. Мұндай су көліктері кемелер мен катерлерді отынмен, сумен және азық-түлікпен қамтамасыз етуге, өрт сөндіру жұмыстарына көмек беруге арналған. Сонымен қатар мұздың арасынан лоцмандық жолмен өтуге, апаттық және тіркеме жұмыстарын орындауға, теңіздегі кемелерге ұсақ жөндеу жүргізуге қызмет етеді.
Биыл «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басшылығы Түркияның «АSҒАТ» мемлекеттік компаниясы өкілдерімен кездесу өткізіп, тараптар Каспий теңізінде кеме жасау зауытын салу жобасын талқылағаны мәлім. Әскери және коммерциялық кемелер, сондай-ақ негізгі әскери құрлық кемелері мен әр түрлі платформалар жобаланып, салынады деген жаңалық түрлі БАҚ-тарда жарияланды. Әскери мақсаттағы негізгі өндірісті «Зенит» зауыты жүзеге асырмақ. Қадыржан Орақұлы шартарапқа желдей есіп тараған бұл ақпаратты жоққа шығармады. Еліміздің қорғаныс өнеркәсібі мүддесі үшін жергілікті кәсіпорын алаңында жаңа жобалардың кемелерін жасау жөнінде акционерлік қоғам «АSҒАТ» компаниясымен өзекті мәселені пысықтау үстінде.
Осылайша «Зенит» Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауындағы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша алға қойған нақты міндеттерді орындауға күш салуда. Жолдауда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде отандық өндірісті дамытып, импорттық өнімдерге тәуелділікті азайту қажет екені атап көрсетілді. Қазіргі кезде өндірісте әскерге және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су құралдары шығарылуда. Жинақталған тәжірибенің, жоғары білікті инженерлік-техникалық және жұмысшы кадрлардың, технологияларды жетілдірудің, бұйымдарды жобалаудың заманауи әдістерін енгізудің арқасында зауыт жыл сайын тауарлық өнім шығару көлемін ұлғайтып келеді. Соның нәтижесінде байырғы кәсіпорында бюджет алдындағы берешек қордаланбайды, жалақы бойынша міндеттемелердің орындалмауына жол берілмейді. Осының өзі де қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге тамшыдай болсын қосылған үлес деп есептеуге болады.
Атшаптырым цехтардағы технологиялық жабдықтар паркі кәсіпорынның әмбебап бейініне сәйкес келеді. Өндірісте механикалық өңдеу, слесарьлық-құрастыру, құрастыру-дәнекерлеу, кесу-дайындау, ұсталық-престеу, электр монтаждау, аспаптық, құю, бояу, пластмасса, резеңке, термиялық өңдеу, гальваникалық өңдеу, ағаш ұсталығы және сыйымдылықтар дайындау сынды техникалық учаскелер бар. «Зенитке» қорғаныс саласынан тапсырыстар жеткілікті мөлшерде түсуде. Алайда өңіріміздегі және еліміздегі жер қойнауын пайдаланушылардан тапсырыс жоқ. Облыс әкімдігінің бір отырысында зауыттың машина жасау өндірісі кез келген тауарды дайындауға әзір екендігі айтылды. Әлі күнге сол тұйық шеңбер бұзылмаған. Өндіріс орнына 15О 9001 сериялы халықаралық стандартының талаптарына сәйкес келетін сапа, 15О 45001 сериялы СМОЗиБТ стандартының талаптарына сәйкес келетін денсаулықты қорғау және еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйелері енгізілген. Кемені жобалау, жасау, жаңғырту және жөндеу бойынша Ресей теңіз кеме қатынасы тіркелімінің талаптарына сәйкестігін растайтын куәліктері бар. Зауытта тәуекелдерді және ішкі бақылау жүйелері әрекет етеді, сыбайлас жемқорлық пен алаяқтыққа қарсы іс-қимыл саясаты бекітілген. Осының барлығы «Зениттің» замана көшінен қалмай, алға ұмтылып келе жатқанын көрсетеді.
Қазіргі уақытта зениттік жұмысшылар саны – 800 адамнан астам. Цехтардағы қажетті жабдық-станоктер, құралдар жаңартылып отырады. Жұмысшылар мен мамандар арнайы киіммен (бас және аяқ киім), арнайы қорғаныс құралдарымен қамтылған. Зауытта демалыс бұрыштары мен санитарлық-тұрмыстық, тамақтанатын бөлмелер жабдықталған. Алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті құралдармен жарақтандырылған медициналық пункт жұмыс істейді.
Зауыт құрылғаннан бері 82 жыл ішінде 54-тен астам еңбек әулеті қалыптасқан. Олар – Әжіғалиев, Анисимов,
Герасимов, Гох, Гузиков, Дәулетияровтар және басқалары. Осы әулеттердің ұрпағы бүгіндері де кәсіпорында жұмыс істейді. Мысалға, С. Дәулетияров – бас инженердің сәулет және құрылыс жөніндегі орынбасары, Л. Гузикова – заң қызметінің бастығы. Ал Әжіғалиевтер отбасы зауытта толық құрамда жұмыс істейді. Екі ұлы цехта қайшылар мен престерде металл кеседі, бұрын олардың аталары мен әжелері сол жерде жұмыс істеді. И. Анисимов – 2-цехтың жоғары білікті фрезерлеушісі.
– Отандық машина жасау саласында техника мамандарының жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отыр. Акционерлік қоғам басшылығы бұл мәселені жоғары және басқа да арнаулы оқу орындарымен келіссөздер арқылы шешуде. Бізде қала мектептерінің оқушыларына, колледж студенттеріне зауытты жарнамалау және жас ұрпақты еңбекке тарту мақсатында тұрақты экскурсиялар ұйымдастырылады, – деді Қадыржан Мұқанов.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»