5.06.2025, 15:45
Оқылды: 143

Қауіпті «тік төртбұрыштар»

22-31 мамыр аралығында Орал қаласынан «Нұрберген» шипажайына үш рет қатынадым. Шипажайға алғаш бара жатқанымда-ақ күрежолдың сыр берген тұстарын жолшылардың тік төртбұрыштап ойып, жамап-жасқауға дайындап қойғанын аңғарып едім. Араға он күн салып, қалаға қайтып келе жатқанда да жолдың жағдайы  сол баяғы  таз қалпы екен. Он күннің ішінде әрлі-берлі үш барып, үш қайтқанымда жол бойынан қыбырлаған бірде-бір жолшыны көрмедім. Тек жол бойы дөңкиіп мына дәу тырақтұр (трактор) ғана тұрды.

0bebf2f1-5a58-4dab-8ce9-0cf8b185d830 (1)

Бірі біріне қоңсы қонған «Ақжайық», «Нұрберген» шипайжайларына өз өңірімізді айтпағанда, Атырау, Маңқыстау облыстарының тұрғындары демалуға қоса, ем-дом алу үшін жиі келеді. Ішінара біздің шипажайларға ақтөбеліктер де ат басын бұрады. Ал өңіріміздің туристік тартымдылығын арттыратын факторлардың бірі – сүргіленген тақтайдай тегіс жолдар.

76032cd9-64c1-4893-b4bb-bac385519fce

Алайда қос шипажайға қатынайтын жолдың қазіргі жағдайы жаңағыдай…

Орал қаласының жаңа шағынауданы «Ақ Жайықтан» Селекционный кентіне кіреберістегі көпірден түсе берер жолдың үсті де бірнеше күннен бері әлгіндей қауіпті тік төртбұрыштарға толып кетті. Осы не әдет өзі?.. Жолшылар жолдың ойылған тұстарын жамап-жасқамақ ниетпен тік төртбұрыш қылып қазып тастайды да, бірнеше күн, тіпті бірнеше апта ізім-ғайым жоғалады…

53e2a3fe-b897-4de9-8577-f0be82cc62b5 (1)

Ал аутокөлік тізгіндегендер әлгі тік төртбұрыштарға дөңгелектерін зақымдап алмау үшін қарсы бетке шығып немесе жолдың оң жағалауымен шаң-тозаңды жеті қат көкке көтеріп жүруге мәжбүр. Қауіпті тік төртбұрыштар жол-көлік оқиғаларына түрткі болатындығын ескеріп, жолшылар ағып-тамбай, қашан ылдым-жылдым қимылдар екен???

Қырағы Көз,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале