Кеше бір топ Ауған соғысының ардагері, «Батыс Қазақстан облысы бойынша Ауғанстан соғысы мүгедек-ардагерлерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Орал қаласындағы Жеңіс алаңына барып, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті. Оған қоса Мәңгілік алауға және әскери антынан айнымағандардың құрметіне орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
– 1979 жылы 25 желтоқсан күні Кеңес әскері Ауғанстан аумағына кірді. Бүгінгі таңда бұл оқиғаға 44 жыл толып отыр. Сол соғыста 27 батысқазақстандық құрбан болды. Елге аман-есен оралып, бүгінгі таңда тірі жүргендерінің саны – 656. Ал Ауған соғысына қатысқан батысқазақстандықтардың жалпы саны – 1021. Біз жыл сайын Жеңіс алаңындағы Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіштер кешенінің маңына келіп, майданда қаза тапқандарды еске алып, осындай шара өткіземіз, – деді аталған қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Беркінғали Ғабделов.
Беркінғали Серікұлының айтуынша, келесі жылы 15 ақпан күні Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 35 жыл толады. Осыған орай алдағы уақытта әскери-патриоттық сипаттағы тағылымды шаралар өткізу үшін «Батыс Қазақстан облысы бойынша Ауғанстан соғысының мүгедек-ардагерлерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері тыңғылықты дайындық үстінде.
– Мен Казталов ауданының тумасымын. 1979-1981 жылдары Шындант қаласындағы майданға қатыстым. Соғыс басталған уақытта 19 жастамын. Бомба жарылысының салдарынан соққы алып, есімнен айырылдым. Соның зардабын қазіргі таңда тартып отырмын. Көктем, күз мезгілдерінде басым ауырады. «Ерлігі үшін» медалін алдым. Соғыстан елге оралғаннан кейін құрылыс саласында жұмыс істедім, қазір зейнеткермін. Ашық аспан, бейбіт күнге жетер ештеңе жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Ауған соғысының ардагері, интернационалист жауынгер Нұрболат Рахметов.
Марлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»