7.10.2024, 12:00
Оқылды: 162

Қазақ спортындағы егіздер туралы не білеміз?

Қазақта «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» деген сөз бар. Дегенмен, елімізде бұл сөзді жоққа шығарып жүрген егіз спортшылар аз емес. Олар бір спорт түрімен шұғылданып, байрақты бәсекеде ел қоржынына жүлде салып жүр.

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі еліміздегі егіз спортшылар туралы жазды.

Айбек және Нұрбек Оралбайлар (бокс)

IMG_7828

Суреттер: Туризм және спорт министрлігі

Спорт үйірмесіне бокспен емес, күреспен шұғылданамыз деп келген егіздер бүгінде тек елімізде ғана емес, әлемде де өз салмағының үздік боксшылары. 80 кг салмақта жұдырықтасатын Нұрбек Оралбай жуырда Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар ол жастар мен ересектер арасындағы әлем чемпионы, Азия біріншілігінің қола жүлдегері. 

Биыл +92 кг салмаққа ауысқан егіздің сыңары Айбек 2018 жылғы жасөспірімдер санатындағы Олимпия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы және жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Жәмиля және Мәдина Бақбергеновалар (әйелдер күресі)

IMG_7829

Жәмиля мен Мәдина Бақбергеновалар еліміздің күрес түрлері тарихында қазақ қыздары арасында ең көп жүлдеге қол жеткізген спортшылар. Жәмиляның еншісінде әлем чемпионатының үш жүлдесі, Азия біріншілігінің бес медалі бар. Бұдан бөлек, ол Азия ойындары, Ислам ынтымақтастық ойындары, жасөспірімдер мен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында жүлде алған. 

Мәдинаның да бозкілемдегі жетістігі аз емес. Ол Азия біріншілігінде үш рет тұғыр сатысына көтеріліп, 23 жасқа дейінгі әлем және Азия чемпионатында жүлдегер атанды.

Ғұсман және Ғұмар Қырғызбаевтар (дзюдо)

IMG_7830

Биыл қазақстандық дзюдошылар халықаралық аренада үздік нәтиже көрсетті. Олимпиадада олжа салып, шетелдегі жарыстарда да жеңімпаз атанды. Солардың қатарында Париж Олимпиадасының – қола, әлем және Азия біріншіліктерінің жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та бар. Ғұсманның сыңары Ғұмар да дзюдошы. Ол әлемдік Гран-при кезеңінде және әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдесін алған. Сонымен қатар ішкі чемпионатта да үздіктер қатарынан көрініп жүрді.

Алина және Кристина Шумековалар (конькимен жүгіру)

IMG_7831

Жастығына қарамай, ағайынды Шумековалар халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп жүр. Конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері Кристина биыл Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада ту ұстаушы болды. Сондай-ақ ол өз жас санатындағы ел және Әлем кубогінің күміс жүлдегері. Алина мен Кристина командалық сайыстарда да ел қоржынына бірнеше жүлде салды.

Фатима және Зухра Ирназаровалар (нысана көздеу)

IMG_7832

Нысана көздеуден Қазақстан әйелдер құрамасының спортшылары Фатима мен Зухра халықаралық жарыстарда үздік нәтижелерімен көзге түсіп жүр. Олар юниорлар арасындағы әлем чемпионатында бір алтын (Фатима) және бір қола (Зухра) медаль, Азия ойындарында командалық сайыста күміс жүлде жеңіп алса, жекелей сында Зухра алтыннан алқа тақты. Фатима 2019 жылғы Азия чемпионатында үздік шыққан.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале