БҚО-да өткен педагогикалық колледждердің жаңа стратегиясының таныстырылымында бұл оқулықтар бастауыш сынып мұғалімін даярлау үшін ең үздік оқулық ретінде таңдап алынғаны айтылды.
– Ғасырлық тарихы бар колледж республика бойынша алғашқы болып эксперименттік білім беру бағдарламасын енгізу құрметіне ие болғанына қуаныштымыз. Біз бүгін үлкен істі қолға алдық. Оқу жылы бойы осы бағдарламаның сараптамасын жасаймыз. Бір жыл ішінде бағдарламаның жақсы тұстарын, кемшілігін анықтаймыз. Бұл – Қазақстандағы алғашқы тәжірибе. Жаңа бағдарламамен оқытушыларды қайта оқыту және әдістемелік қолдау әр педагогтың біліктілігін арттыруға септігін тигізеді. Әр пән бойынша 100-ден астам оқыту бағдарламасы мен оқу әдістемелік құрал дайын. Колледж үшін Назарбаев зияткерлік мектебі оқу-әдістемелік жүйенің электронды білім беру порталын жасады. Порталда оқытушы жаңа бағдарлама бойынша әдістемелік көмекке жүгіне алады. Біз облыстың бастауыш сынып мұғалімдері үшін қызмет етіп қана қоймай, еліміздегі мұғалім дайындайтын колледждерге әдістемелік орталық болуға тырысамыз, - деді Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж директоры Светлана Бахишева.
Шарада білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина жаңа білім беру бағдарламасының ерекшеліктері туралы айтып берді.
Мұнымен қоса, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында бастауыш сынып мұғалімін даярлау туралы қазақ тіліне аударылған кітаптарды таныстырды. Колледж ұжымына ең маңызды деп есептелетін «Бастауыш мектеп мұғалімі: ұстанымдар мен қағидалар» және «Бастауыш мектеп мұғаліміне 100 идея» атты екі оқулықты тарту етті.
Ал «Kazdidac» ассоциациясының басқарма төрағасы Валерий Лебедев ассоциация ұсынған бастауыш сыныптарға арналған заманауи құралдарды таныстырды.
Динара Насыр,
«Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің тілшісі
суретке түсірген Рафхат Халелов
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер