Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Президент қазақ жылқысын сақтау туралы арнайы заң қабылдау керек деді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумы басталды. Шараға мемлекеттік орган өкілдерінен бөлек елдің түкпір-түкпірінен жиналған 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысып отыр.
«Баршаңызды Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумының ашылуымен құттықтаймын! Алқалы жиын Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында өтіп жатыр. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сондай-ақ бұл форум елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр. Сол науқанның түрлі салдары болғанын білесіздер. Соған қарамастан ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарды, елді мекендер салынды. Мен бүгін алғашқы тыңгерлердің және олардың ізін басқан диқандарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді», - деді Президент.
inform.kz