Қазақстанда «Айбалта-2022» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы шеңберінде «Ашық аспан-2022» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқу-жаттығуға 40-тан астам майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиация, пилотсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған. Іс-қимылдарға Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов басшылық етуде.
Мәлім етілгендей, жаттығулар еліміздің барлық өңірінде өтеді. Мақсат – қарсылас әуе шабуылы құралдарын қолданған кезде жеке құрамды практикалық іс-қимылдарға үйрету.
«Қазіргі таңда әскери-әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің басқару органдары, құрамалары мен бөлімдері жауынгерлік әзірлікке келтіріліп, оқу-жауынгерлік қимылдарды ұйымдастыру шараларын жүргізуде.
Келесі кезеңдерде авиацияның практикалық ұшуларымен құрамалар мен бөлімдерді жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындау ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ Әуе қорғанысы күштерін басқарудың автоматтандырылған жүйесін пайдалана отырып, шартты әуе нысандарын ұстап, оларды жою жүзеге асырылады», - делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан өзге, қазақстандық әскерилер ҰҚШҰ-ның ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Іздестіру-2022», «Эшелон-2022» және «Өзара іс-қимыл-2022» оқу-жаттығуларына тартылатын болады. Оқу-жаттығулар 7 қазанға дейін жалғасады.
Фото: gov.kz