Еркін, грек-рим және әйелдер күресінен Азия чемпионатының соңғы күнінде қазақстандық спортшылар 2 алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
«Ұлттық құрама қоржынына алтын жүлдені еркін күрес стилінің палуандары әкелді.
74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Дархан Есенғали финалда жапон Кирин Киношитаны 7:2 есебімен ұтып, құрлық чемпионы атанды.
Ал 86 келіге дейінгі салмақта күрескен Азамат Дәулетбеков Азияның екі дүркін чемпионы атағын жеңіп алды. Отандасымыз финалдық белдесуде даңқты Иран палуаны Алиреза Каримимаханиді 4:1 есебімен жеңді.
Бұдан бөлек, Ризабек Айтмұхан (92 кг) мен Юсуп Батырмырзаевтың (125 кг) еншісінде күміс медальдар бар.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Астанада өткен Азия чемпионатын 7 алтын медальмен аяқтады. Айта кетейік, осыған дейін Жәмила Бақбергенова мен Эльмира Сыздықова, еркін күрес палуандары Болат Сақаев пен Санжар Досжанов, грек-рим стилі бойынша күрескен Ибрагим Магомадов құрлық чемпиондары атанған болатын.
Еркін күресте біздің команда 4 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды (жалпы командалық 1-ші орын). Грек-римде - 1 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлде (жалпы командалық 3-ші орын). Әйелдер күресінде Қазақстанда 2 алтын және 3 қола медаль бар (жалпы есепте 4-ші орын)», - деп жазды министр өзінің Фейсбук парақшасында.