4.12.2024, 12:15
Оқылды: 23

Қазақстан мен Франция One Water Summit аясында Балқаш көлін сақтау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Франция даму агенттігі (AFD) және Францияның геологиялық және тау-кен бюросы (BRGM) ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макронның қатысуымен Сауд Арабиясында өтіп жатқан One Water Summit халықаралық саммитінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

IMG_4051

Сурет: министрлік

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан келісімге қол қою рәсіміне бірінші вице-министр Болат Бекнияз қатысты. Құжаттың негізгі мақсаты – Балқаш көлін сақтау бағытында ынтымақтастықты дамыту.

Келісім Су ресурстары және ирригация министрлігіне Балқаш көлінің су ресурстарын басқаруды дамытуға 1,35 млн еуро көлемінде грант бөлуді көздейді. Француз тарапы Балқаш көлі бассейніне ауқымды зерттеу жүргізеді, оның нәтижесі бойынша 2040 жылға дейін ұзақ мерзімді бас жоспар әзірленеді. Құжатта су айдынының ішкі суларын сақтау іс-шаралары жазылады.

Сонымен қатар, министрлік BRGM-мен су ресурстары туралы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Құжат осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

«AFD және BRGM-мен үшжақты келісім Балқаш көлі бассейніндегі суды тұрақты басқаруға және зерттеуге бағытталған. Құжат судың жай-күйін өлшеу мен талдау, климаттық және антропогендік әсерлерді модельдеу, сондай-ақ 2040 жылға дейін су балансын болжауды қарастырады. Жобаның мақсаттарының бірі – Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандыру үшін Қапшағай су қоймасының жұмыс тәртібін оңтайландыру. Зерттеу нәтижесі бойынша өзендерді тазарту, топырақтың тозуын және судың ластануын болдырмау, балық шаруашылығы мен экологиялық туризмді дамыту, сондай-ақ көлді қорғау үшін нормативтік–құқықтық база құру жөніндегі іс-шаралар жүргізілетін болады», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале