– Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 33 жылдан асты. Осы кезеңде тығыз мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Парламентаралық байланыс жолға қойылды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты, елуден астам келісім жасалды. Халықаралық ұйымдар аясында ықпалдастығымыз жалғасып жатыр. Бұл дәстүрлі достық пен әріптестігіміздің айқын дәлелі екені сөзсіз, – деді Президент.

Масуд Пезешкиан иран-қазақ қатынастары тереңнен тамыр тартатынына тоқталды.
– Екі ел арасындағы байланыстар Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алады. Тәуелсіздік алғанға дейін де Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас үзілген жоқ. Сіздің еліңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Үкіметаралық, ведомствоаралық ықпалдастық жолға қойылған. Көптеген халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша қос мемлекеттің ұстанымы ұқсас. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында тығыз әрекет етеміз. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту – ортақ міндет. Қазақстанмен арадағы тауар айналымы 40 пайызға артты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұдан бұрын өзара сауда-саттықты 3 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласқан едік. Осы келісімді жүзеге асыруға күш сала береміз. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында жасалған еркін сауда келісімі екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге берік негіз қалайды, – деді Иран Президенті.

Келіссөз барысында сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастық перспективасы қарастырылды.
– Өзара тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Дегенмен сауда-саттықты әртараптандыру мәселесін ойластыру керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар салаларындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, еліміз Иранға жалпы құны кемінде 200 миллион доллар болатын тауар тасымалдауға дайын. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасына қолдау білдіріп, Іскерлік кеңестің жұмысын жандандырудың, Қазақстан-Иран бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін толық пайдаланудың маңызын атап өтті.
Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 17,8 миллион доллар тікелей инвестиция салған. Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын ашу секілді жобаларға белсене атсалысып жатыр. Қазақстан бизнесмендері де Иран нарығында бірқатар жобаны жүзеге асыруда.
Тараптар Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолының әлеуетін одан әрі арттыруға мүдделі екенін жеткізді.
Биылғы 10 айдың нәтижесі бойынша аталған бағыттармен тасымалданған жүктің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға артқан. Президенттер аймақаралық байланысты күшейту үшін көлік-транзит жолдарын одан әрі әртараптандыру, әсіресе, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын бірлесе дамыту мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, келіссөзде ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективасына назар аударылды.
Екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру мәселесін де қозғады.
– Иранның мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты көптеген жәдігер сақталған. Ғалымдарымыз әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алды. Қазақ жерінде ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар бүгін Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды ескі қолжазбаның көшірмесін ала келді. Сол үшін Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Бұл қадам қос халықтың тарихи байланысының терең екенін дәлелдей түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тараптар екі елдің рухани құндылықтарын кеңінен таныстыру үшін алдағы жылдары Мәдениет күндерін өткізу, жоғары оқу орындары арасында студент алмасуды жандандыру, медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық өндіріс орындары арасында серіктестік орнату жөнінде уағдаласты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қазақстан және Иран президенттерінің қатысуымен мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті:
1. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарт;
2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Иран Ислам Республикасы Үкіметі арасындағы жолаушылар мен жүктерді автокөлік арқылы халықаралық тасымалдау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
3. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы;
4. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасы;
5. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Актілерді және жылжымайтын мүлікті тіркеу жөніндегі мемлекеттік ұйымы арасында зияткерлік меншік саласы бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Жол және қала құрылысы министрлігі арасындағы көлік, транзит және логистика салалары бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Денсаулық сақтау және медициналық білім беру министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласы бойынша ынтымақтастық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
8. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы «Қазақстан Республикасы Президентiнiң телерадио кешенi» шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны мен Иран Ислам Республикасы радиохабар тарату және телевизия ұйымы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.