Бұл туралы ҚР оқу-ағарту министрі хабарлады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Білім алушыларды бағалау жөніндегі PISA-2022 халықаралық бағдарламасының нәтижелерін жариялады. Онда 81 мемлекеттен қатысқан 15 жастағы білім алушылардың математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылығының деңгейі бағаланды.
Қазақстандық оқушылар жаратылыстану пәні бойынша өз көрсеткіштерін 26 ұпайға көтерді. Сол арқылы қатысушы мемлекеттер арасында ең жоғары өсімге қол жеткізді және математика мен оқу көрсеткіштерін ЭЫДҰ-ның сегіз елімен бірдей деңгейде сақтап қалды. Бұл Қазақстанның математика және жаратылыстану бойынша ТОП-50 елдің ішіне кіруіне мүмкіндік берді.
Қазақстан 81 елдің ішінде математикадан 46-шы (2018 ж. 54-орын), оқудан 61-ші орын (2018 ж. 69-шы), жаратылыстану пәні бойынша 49-шы орынды (2018 ж. 69-шы) иеленді.
Айта кету керек, PISA-2022 нәтижелері бойынша еліміздегі қала мен ауылдық жерлердегі оқушылар арасындағы білім сапасының алшақтығы азайғаны байқалады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, отандық білім саласының дамуы бірқатар факторларға байланысты.
«Мемлекет басшысының білім беру жүйесіне үздіксіз көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауының арқасында осындай көрсеткіштерге қол жеткізілді. Педагог мәртебесін арттыру, жалақыны көбейту, қосымша білім беруді, инфрақұрылымды дамыту, балаларымыз үшін қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету шаралары білім сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Білім саласын дамытудағы мемлекеттік ұстанымның дұрыстығы айқындалды. Осы бағыттағы жұмысты күшейте түскен жөн», - деді министр.