ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен кездесті. Сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, көлік-логистика, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге баса назар аудара отырып, екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Үкіметінің ресми сайты хабарлады.
Келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін ашу арқылы транзиттік-көліктік өзара іс-қимылды арттыруға назар аударылды. Қабылданған шаралар орта дәліздің өткізу қабілетін 2027 жылға қарай жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті тарифтік шарттарды белгілеу, жеткізу мерзімдерін қысқарту және бағыт бойынша жүк тасымалдау көлемін ұлғайту бойынша жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл ретте қазақстандық компаниялар Грузияда қуаттылықты арттыруға да қатысады. Биыл Грузияның Поти портында қазақстандық көлік-логистика инвестициялық топ салып жатқан жаңа мультимодальды терминалды іске қосу жоспарлануда.
«Өткен жылы ТХКБ арқылы тасымалдау көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаны құрады. Бағыттың әлеуетін арттыру, сондай-ақ инфрақұрылымды, порт және терминалдық қуатты жақсарту, жылжымалы құрамды ұлғайту, әкімшілік кедергілерді жою және тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Үкіметі барлық бағыт бойынша Қазақстан-Грузия әріптестігінің серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін жан-жақты жұмысты жалғастыруға ниетті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Грузияның Қазақстанмен екіжақты байланыстарды дамытуға және нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
«Бұл менің Қазақстанға экономикалық және мәдени өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған алғашқы әрі маңызды ресми сапарым. Бүгінде мемлекеттеріміз арасында ынтымақтастықтың түрлі бағытында үлкен жетістіктер бар. Біз Қазақстанмен жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз», — деп атап өтті Ираклий Кобахидзе.