ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық су ағындарының кеме жүрмейтін түрлерін пайдалану құқығы туралы конвенция аясында трансшекаралық өзендердің суын бірлесіп пайдалану мәселесін шешуге ниетті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан 2024 жылы аталған конвенцияға қосылды.
Конвенция трансшекаралық өзендердегі судың әділ бөлінуін қамтамасыз ететін және оны пайдалануды реттейтін халықаралық құжат.
Халықаралық келісім су бөлуге қатысты ықтимал дауларды шешу үшін және барлық тараптың мүддесіне сай су ресурстарын дамытуға мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық тетіктерін жасайды.
Конвенцияға сәйкес су ағыны мемлекеті өз аумағында халықаралық су ағынын пайдалану кезінде басқа мемлекеттерге зиян келтірумеу үшін тиісті іс-шараларды қабылдайды. Сондай-ақ су ағыны, судың сапасы және тиісті болжамдар туралы қолжетімді деректермен тұрақты бөліседі.