Қазақстан ҰҚШҰ-дағы одақтастарына уақытылы көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Еуразиялық интеграция департаментінің директоры Александр Синяговский мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Одақтастарымызға уақытылы көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреміз. Бітімгершілік миссия қазақстандық күштер мен құралдардың едәуір бөлігін терроризмге қарсы операцияға алаңсыз бағыттауға мүмкіндік берді. 10 қаңтарда ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс сессиясы ұйымдастырылды. Ол шарадан ашық көрсетілім жүргізіліп, БАҚ еркін хабар таратты. ҰҚШҰ-ның барлық мемлекет басшылары бітімгершілік миссияның маңыздылығын атап өтті. Бас хатшының, хатшылықтың барлық қызметкерлерінің, ұйымның біріккен штабының елдегі бітімгершілік миссияны табысты ұйымдастырып, өткізуге қосқан үлесін атап өтеміз», - деді еуразиялық интеграция департаментінің директоры.
Айта кетейік, ҰҚШҰ бітімгершілік әскері Қазақстан аумағынан толық кетті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов мәлім етті.
«Бүгін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық бітімгер күштерін Қазақстан аумағынан шығару аяқталды. Соңғы жеке құрам мен техника әуе кемесімен Алматыдан ұшып шықты. Қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің әскери қызметшілері жоқ. Елімізден ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгершілік контингентін кезең-кезеңімен шығару биыл 13 қаңтардан бастап Қарулы күштердің Жоғары бас қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеген мерзімде жүзеге асырылды», -деді министрлік өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.