Бүгін Орал қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған «Береке – бірлікте!» атты мерекелік шара өтті. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалған соң облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов су тасқынына қарсы атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті. Бірліктің арқасында елдің талай белесті бағындыратынын тілге тиек еткен ол жиналғандарды мерекемен құттықтап, толағай табыс тіледі.
- Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жедел штаб құрылып, қала мен ауылдарды аман алып қалу үшін шұғыл шаралар қабылданды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өңірімізді су басқан кезде еліміздің түкпір-түкпірінен еріктілер мен сарбаздар келді. Ер азаматтар бөгет тұрғызып, нәзік жандылар гуманитарлық көмекті үлестіруге атсалысты. Құтқарушылар суға кете жаздаған адамдардың өмірін сақтап қалды. Ұзындығы 140 шақырымнан астам, биіктігі 2 метрден 7 метрге дейін жететін бөгет-бекіністер салынды. Біз бірлігіміздің арқасында бұл сыннан да аман өттік. Елімізге амандық, бақ-береке, ынтымақ, табыс тілеймін! – деді Бақытжан Хаберұлы.
Өз кезегінде «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов, «Amanat» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Афиза Семғалиева, «Бірлік» әзірбайжан мәдени-ағарту қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Элгун Джаналиев және Ұйғыр этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Ильяр Муталипов ауызбіршілікті нығайту, бірлікті сақтау қажет екенін жеткізді.
Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген бата берді. Шара концертке ұласып, би биленіп, патриоттық тақырыптағы әндер шырқалды.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz