Әлемдік рейтингте Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша 6-орында тұр. Дегенмен бірнеше фактор біздің елімізге ауыл шаруашылығы өнімділігі мен азық-түлік қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша көшбасшы болуға мүмкіндік бермейді. Мәселен, пайдаланылатын жерлердің төмен сапасы, тозу деңгейі, шөлейттену, шабындықтар өнімділігінің төмендігі бар.
Сурет: pixabay.com
«Қазақстан ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ жүргізетін ғарыштық мониторингке сәйкес, 2023 жылы Қазақстанның барлық жайылым жерлерінің 87,2%-ы нашар және өте нашар жағдайда болған немесе ешқандай өсімдік болмаған. 80,8 млн гектардың ішінде мұндай жерлердің ауданы 70,5 млн гектарға жеткен. Қанағаттанарлық жағдайдағы жайылымдар үлесі небәрі 10,2%, жақсы жағдайда – 2,1%, үздік жағдайда – 0,5%. Бұл есептеулер ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің эксперименттік статистика деректері негізінде жасалған.
Жайылымдық жерлердің сапасына қатысты қанағаттанарлықсыз жағдай ел аумағының басым бөлігінде жиі кездеседі. Өткен жылы 17 облыстың 15-інде өсімдік жамылғысы жоқ немесе жағдайы нашар жайылымдар үлесі 80%-дан жоғары болған. Ең нашар жағдай Маңғыстау облысында, мұндағы тақыр жайылымдар осы санаттағы барлық ауылшаруашылық жерлерінің 99,4%-ын құрайды. Ең нашар көрсеткіштері бар аутсайдерлер бестігінде Атырау (98,1%), Ұлытау (97,4%), Жамбыл (95,7%) және Түркістан (93,6%) облыстары бар. Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстары керісінше, жайылымға ең бай өңірлер атанды. Мұнда теріс көрсеткіштер басқа аумақтарға қарағанда төмен – 57,4% және 72,2%.
«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы кеңесшісі Төлеутай Рахымбеков БАҚ-қа берген сұхбатында көптеген өңірлерде қазақстандықтар жайылым болмауына байланысты мал ұстай алмайтынын атап өтті. Жердің тозуы мен шабындықтардың төмен өнімділігі климаттың өзгеруіне тікелей байланысты. Алдағы жылдары жағдай нашарлауы мүмкін.
«Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, Қазақстан аумағындағы климаттың өзгеру процесі алдағы 20-30 жылда күшейе түседі. Қазақстанда қатты құрғақшылық жиі болып, жердің тозуына, шөлейттенуіне ықпал етеді деп болжанады. Қазірдің өзінде Қазақстан жерінің шамамен 70%-ына құрғақшылық қаупі төніп отыр, ел халқының төрттен бір бөлігі тозған жерлерде тұрады. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай елімізде жайылымдардың өткізу қабілеті 10%-ға төмендейді», - деді Төлеутай Рахымбеков.
Дереккөз: ҚазАқпарат