
Бақыт Алазов, ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерзімді басылымдарға жыл сайын ауқымды сұхбат беруі – қазіргі Қазақстанның саяси мәдениетінде берік орныққан игі дәстүрдің біріне айналды. Бұл сұхбаттар елдің ішкі-сыртқы саясаты, әлеуметтік-экономикалық дамуы және қоғам өміріндегі маңызды басымдықтар жөніндегі Президенттің ұстанымын айқындайтын салмақты құжат ретінде қабылданатыны белгілі. Осы ретте жуырда «Túrkistan» газетіне берілген кең көлемді сұхбат та мемлекеттік даму бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат дәрежесіне ие болды. Әскери салада қызмет атқаратын азамат ретінде бұл сұхбаттан Мемлекет басшысының ел болашағына деген терең стратегиялық көзқарасын, халқына деген шынайы жанашырлығы мен зор жауапкершілік жүгін айқын аңғардым. Президент ұлттық бірлік, қоғамдағы келісім, ел қауіпсіздігі мен тұрақтылығы – Қазақстан дамуының берік іргетасы екенін атап көрсетті. Бұл – тек сөз жүзіндегі ұстаным емес, нақты саяси бағдар және елдік мұрат. Әсіресе біз үшін, яғни әскери қызметшілер үшін бұл қағидаттардың маңызы ерекше. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде бейбіт өмір мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау – мемлекет пен әскердің ортақ міндеті екенін нақты атап өтті. Әскерилерге деген сенім мен қолдау – жеке құрамның рухын көтеріп қана қоймай, қызметке деген жауапкершілігін еселей түседі. Бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы күштері кәсіби әскер ретінде дамып, жаңа талаптарға сай жаңғырып келеді. Бұл жолда Мемлекет басшысының тұрақты қамқорлығы айрықша рөл атқарады. Сұхбатта жас ұрпақ тәрбиесі, отаншылдық рухты нығайту, білім мен еңбекті қадірлеу, заң мен тәртіпті берік сақтау жөнінде терең ойлар айтылды. Бұл тақырыптар – әскери ортаға да тікелей қатысты. Қазіргі заманғы армия тек қару-жарақ қуатымен емес, жоғары білімді, технологиялық сауатты, рухы берік мамандарымен ерекшеленуі тиіс. Президенттің осы бағыттағы ойлары бізге жаңа міндеттер мен жаңа талаптарды сезіндіреді. Әскери саланы дамыту жөніндегі сұрақтарға берген жауаптарында Президент Қарулы күштердің абыройын арттыру, елдің қорғаныс қабілетін нығайту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін нақты жеткізді. Әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, қызметтік әрі тұрғын үй мәселелерін жүйелі шешу, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар айтылды. Бұл – мемлекет тарапынан әскерге деген жоғары сенім мен құрметтің дәлелі. Сұхбатта Мемлекет басшысы қоғам игілігіне қызмет ету – лауазым немесе мәртебеге байланысты емес, әр азаматтың борышы екенін ерекше атап өтті. Елдің бүгіні мен ертеңі үшін жауапкершілікті сезіну – нағыз отаншылдықтың белгісі.
Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл сұхбаты – елдік ойды тереңдете түсетін, қоғамдық сананы қалыптастыратын тағылымды әрі мазмұнды еңбек. Ол әрбір қазақстандықты елдің дамуына өз үлесін қосуға шақырып, жауапкершілік пен бірлікке үндейді. Әсіресе біз, әскери қызметшілер үшін бұл сөздер – Отан алдындағы антымызға деген адалдығымызды күшейтіп, Тәуелсіз Қазақстанның тыныштығын қорғау жолында абыроймен қызмет етуге жігерлендіретін рухани бағдар.

Рүстем Зұлқашев, БҚО ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары:
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Túrkistan» халықаралық газетіне берген сұхбатында ел дамуының негізгі бағыт-бағдарын, қоғамдағы түйткілді мәселелерді қозғады. Соның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу, шаруаларға қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелері жайында өз ойын ашық бөлісті.
Біздің облыс – еліміздің индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі. Мемлекет басшысының 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аталған сұхбатта Президент, ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек екендігіне тоқталды. «2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар», – деп атап көрсетті. Ақ Жайық өңірінің климаты мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Облысымыз етті мал басы саны бойынша республикада бірінші орында. Біздің өңірде жалпы сыйымдылығы бір мезгілде 45,6 мың бас болатын 16 бордақылау алаңы бар. Сонымен қатар төрт түлік және олардан алынатын өнім бойынша тұрақты өсім байқалады. Қазіргі кезде ірі қара – 997 570 мың бас (107,0%), қой мен ешкі – 1 млн 366 мың (97,5%), жылқы – 313 мың (106,6%), түйе 2683 бас (106,0%) болды. Соның ішінде асыл тұқымды малдың үлесі: ірі қара – 15,8%, қой – 6,5%, жылқы – 2,2%, түйе 9,8% шамасында. Жыл басынан 80,8 мың тонна ет (103%), 194,4 мың тонна сүт (102,9%) және 111,7 млн дана жұмыртқа (93,0%) өндірілді.
Мемлекет басшысы сұхбатта соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі
10 есе артқанын айтты. Өңір шаруаларын қолдау жұмыстары біздің облыста да тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға жыл басынан бері 75,1 млрд теңге бағытталды, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 27,8 млрд теңге субсидия, 47,3 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие берілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары және қайта өңдеуші кәсіпорындар есепті кезеңде (2025 жылғы қаңтар-қараша) саланың дамуына 37,7 млрд теңге инвестиция тартты, өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда үш есе артты. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 4%-ға өсіп, 298,6 млрд теңгеге жетті. Өңірдегі өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 2024 жылы 64,5% болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 67% деңгейіне жеткізу межеленді және өткен жылдың 9 айында 65,8% болды. Жоспарға сәйкес 2026 жылы өңделетін өнім көлемі 70%-ға жетуі тиіс.
«Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Солай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол – осы. Кооперацияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс», – деп көрсетті Мемлекет басшысы өз сұхбатында. Расында, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері (АШӨК) ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды институттардың бірі болып табылады. Ауыл шаруашылы-
ғы өндірістік кооперативтері (АШӨК) ауыл шаруашылығында ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Өндірістік кооперативтер бірнеше жеке қосалқы шаруашылық
пен фермер, шаруа қожалықтарының бірігуі арқылы үлкен көлемде өнім өндіру, техника мен ресурстарды ортақ пайдалану арқылы шығындарды төмендетуге көмектеседі. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің маңызы өте зор. Статистикалық мәліметке сәйкес облыс көлемінде 406 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркеліп, соның ішінде 291 кооператив нақты жұмыс істеуде. Жұмыс істеп тұрған кооперативтері негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Кооперативтердің 208-і етті мал шаруашылығына, қалғандарының ішінде 40-ы – сүтті бағытқа, 14-і – өсімдік шаруашылығына, үшеуі – бау-бақша шаруашылығына, біреуі – құс шаруашылығына, 20-сы – аралас қызмет түрлеріне, екеуі балық шаруашылығына, біреуі – ара шаруашылығына, екеуі сервистік қызмет көрсетуге ден қойған.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, шағын кәсіп пен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарлама мақсаттарының бірі өңірімізде кооперацияны дамыту арқылы ауыл халқының әлеуетін арттыру болғандықтан, жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперативке бірігудің артықшылықта-
ры, мемлекет тарапынан берілетін барлық қолдауға кооперативтер арқылы қол жеткізу мүмкіндіктері туралы түсіндірудеміз. Кооперативтердің көрсететін қызметтерін әртараптандыру, яғни сол ауылдық округтерге толық сервистік қызметтерді (мал азығын дайындау, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, сату, өсімдік шаруашылығы жұмыстары, абаттандыру, көң-қоқыс шығару, жол тазалау, су тасу және басқалары) көрсету үшін кооперативтер қажетті техника және құрылғылармен толық қамтамасыз етілуі қажет.
Өткен жылы Ақжайық ӘКК-ның өз қаражаты есебінен пилоттық 6 кооперативке («Шыңғырлау агро», «Жеңіс Ерхан», «Бастау агро», «Олжа әлем агро», «Аманат 2022», «Колесова» АШӨК) 311 млн теңгеге лизингке ауыл шаруашылық техникасы мен құрылғылар (трактор, сепкіш, шөп шапқыш, тырма, престеуші, сүт салқындатқыш, сүт тасмалдағыш, сауын, сүт тарту жабдықтары) берілді. Орташа есеппен бір кооперативке 52 млн теңгеден келіп отыр. Өңірімізде кооперацияны дамыту арқылы ауыл халқының әлеуетін арттыру үшін тұрғындарға бағдарлама шарттарымен қоса, кооперативке бірігу артықшылықтарын, мемлекет тарапынан берілетін барлық қолдау шарасы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Біз ауыл халқының әлеуетін арттыруға мүдделіміз.
Сұхбатта Президент қоғамдағы әділдік, экономикалық тұрақтылық, реформалардың жалғастығы мәселелеріне тоқталады. Жалпы мемлекеттегі болып жатқан өзгерістердің жүйелі сипатта жалғасатынына көңіл аудартады. Елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын айқындай
отырып, биліктің ел үшін жауапкершілігін салмақтайды. Мемлекет басшысының газет-
ке берген сұхбаты мемлекеттілікті нығайту жолында әр мемлекеттік қызметкерді, әрбір азаматты тынбай еңбек етуге үндейтіні кәміл.

Біржан Хайруллин, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында «Túrkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құруды салық мәселесімен байланыстырып айтуы – шетелдік тәжірибемен байланысты екені сөзсіз. Өйткені әлемнің дамыған елдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда салық жүйесінің тетіктерін кеңінен қолданады. Кез келген адам өзіне қымбат бұйым (аутокөлік, үй-жай т. б.) сатып алғанда декларация тапсыру арқылы қаражаттың қайдан шыққанын көрсетеді. Яғни, ол қаражат жемқорлық жолымен немесе заңсыз келген жағдайда тез анықтау мүмкіндігі бар. Мұндай тәжірибе Америка Құрама Штаттарында қолданылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда тиімді құрал – қоғамдық бақылау жүргізу. Егер қоғамның әр өкілі бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға алса, ақша тиімді жұмсалып, сапалы ғимараттар бой көтереді. Ел Президенті сұхбатта атап өткендей, салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін қаламайтыны анық. Сондықтан қоғамдық бақылауды күшейту қажет.
Адалдық – кез келген қоғамның негізі. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайықты, яғни, шыншыл, әділетті, жауапкершілікті сезінетін тұлға болса, елімізде әділ қоғам орнап, мемлекет жаңғырудың жаңа кезеңінде алға басары сөзсіз.