ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекет басшысының цифрлық және ЖИ-экономиканы құру үшін мамандарды даярлау жөніндегі тапсырмасының іске асырылу барысы туралы хабарлайды. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында Президент ЖИ саласында мамандарды жүйелі даярлаудың және цифрлық білім беруді дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жазды.

Осы міндеттерді іске асыру аясында министрлік ЖИ және цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған 5 жылдық оқыту бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 900 мыңнан астам азамат сала бойынша білім алып, оқу мен жұмысқа қажетті базалық және қолданбалы құзыреттерді меңгерді.
Азаматтар қызығушылығының жоғары деңгейде болуы бастамалардың өзектілігі мен сұранысқа ие екенінін көрсетеді. Оқыту бағдарламасы ЖИ мен цифрлық қызметті пайдаланудан бастап, IT-мамандарды даярлау мен ұйымдардың бизнес-үдерістеріне ЖИ-ді енгізуге дейінгі бағыттарды қамтиды.
«Мақсатымыз - ЖИ-дағдыларын оқушылар мен студенттерге, педагог, мемлекеттік қызметшілер және компания қызметкерлеріне, яғни баршаға қолжетімді ету. Атқарылған жұмыс нәтижесі адамдардың сала бойынша білім алып, ЖИ-ді тәжірибе жүзінде қолдануға дайын екенін көрсетіп отыр. Біз технологияларды пайдалы әрі қауіпсіз қолдану ережелерін сақтай отырып, бағдарлама аясын кеңейтуді жалғастырамыз», - деп атап өтті министрлікте.