20.02.2022, 17:30
Оқылды: 83

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Өтіп бара жатқан аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат агенттігі 14-20 ақпан аралығында болған маңызды тағайындауларға шолу ұсынады.

220130112908688e

Мемлекет басшысының өкімімен Айгүл Амантайқызы Шайымова Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Мемлекет басшысының өкімімен Айтқұрман Жоламанұлы Омарбеков Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы лауазымына тағайындалды.

Мемлекет басшысының өкімімен Әлия Құсайынқызы Мұстафина Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры лауазымына тағайындалды.

Аптаның басында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатадағы Nur Otan фракциясының жетекшісі болып сайланды.

Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров фракция төрағасының орынбасары және президиум мүшесі, ал Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев пен Екатерина Смышляева фракция төралқасының мүшесі болып сайланды.

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесі мүшелерінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли «Қазақстан» РТРК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Берік Уәли 1977 жылы туған. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы мамандығы бойынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын журналистика мамандығы бойынша, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

2019 жылғы наурызда Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Сонымен қатар 2019 жылдың қыркүйек айында «ҚР Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

ҚР Премьер-Министрінің Өкімімен Руслан Сұлтанұлы Желдібай ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Руслан Желдібай 1989 жылы Жамбыл облысында туған. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Уорик университетін (Ұлыбритания) бітірген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Еңбек жолын 2012 жылы «Қазақстан» телеарнасында редактор болып бастаған.2020 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Айжан Серікбайқызы Есмағамбетова Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау вице-министрі — Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болып тағайындалды.

Айжан Есмағамбетова 1972 жылы Алматы облысында туған. 1997 жылы Алматы мемлекеттік медицина университетін, Қазақстан медицина университетін (Қоғамдық денсаулық сақтау Жоғары мектебі), Алматы менеджмент университетін бітірген.

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Нұргүл Өсербайқызы Мауберлинова ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Нұргүл Мауберлинова 1973 жылдың қараша айында Қарағанды облысында дүниеге келген. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1992 жылы бастаған. Әр жылдары мемлекеттік органдар құрылымында және коммерциялық секторда жұмыс істеді.

2020 жылғы мамыр айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болды.

ҚР ҰЭМ министрінің бұйрығымен Данабек Алтынбекұлы Керімрай Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

Данабек Керімрай 1982 жылы Шымкент қаласында туған. «Мирас» университетін, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Психология, кәсіпкерлік және менеджмент академиясын бітірген.

2017 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ҰЭМ Экономика және қаржы департаментінің директоры болды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Айбат Болатұлы Ілиясов ҚР Білім және ғылым вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Айбат Ілиясов 1982 жылы дүниеге келген. «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша жоғары білімі бар. 2006 жылдан 2007 жылға дейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ аға инженер-электронигі, бас маманы болып қызмет еткен.

2013 жылғы наурыз айынан 2022 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау басқармасының басшысы, Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің директоры қызметін атқарған.

Осы аптада Нұржан Календеров Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Календеров Нұржан Сәбитұлы 1976 жылы туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген.2020 жылғы маусымнан бастап Шу ауданының әкімі болып келді.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып Нүсіпова Әсем Бекқызы тағайындалды.

Әсем Нүсіпова 1975 жылы 1 мамырда Алматы қаласында туған, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша магистратура мен аспирантураны бітірген.

2020 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы лауазымында, соңғы атқарған қызметі - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі (2020 жылғы қазаннан 2022 жылғы ақпанға дейін).

Қуат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі болып тағайындалды.

Қуат Елеусізұлы Сұлтанғазиев 1975 жылы туған. Білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша бітірген.

2020 жылдың ақпанынан осы күнге дейін «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ Алматы қаласы филиалының директоры қызметін атқарды.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының әкімі болып Нұрлан Қызбергенов тағайындалды.

Ол 1968 жылы Ырғыз ауданында дүниеге келген. Н. Қызбергенов 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономист» мамандығы бойынша бітірген. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап осы уақытқа дейін Ырғыз аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып келді.

Сәкен Арубаев Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі болып тағайындалды.

Сәкен Қаланұлы 1976 жылы туған. М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университетін 1998 жылы «жерге орналастыру инженері», 2006 жылы «экономика бакалавры» мамандықтары бойынша тәмамдаған. 2019 жылдың қарашасынан бастап Жамбыл ауданының әкімі қызметін атқарып келді.

Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының әкімі болып Ахметқали Нұрғожин тағайындалды.

Ахметқали Ахашұлы 1966 жылдың 25 мамырында бұрынғы Семей облысы Бесқарағай ауданында дүниеге келген.

2019 жылдың сәуірінен осы уақытқа дейін Жарма ауданының әкімі болып еңбек етті.

Осы аптада Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі болып Нұрымбет Сақтағанов тағайындалды.

Нұрымбет Аманұлы 1970 жылы 6 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын, Қызылорда аграрлық-техникалық колледжін, МЭСА дистанциялық білім беру институтын, МЭСА Қызылорда экономика, статистика және ақпарат институтын мұғалім, бухгалтер, заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған.

2021 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Семей қаласының әкімі болып еңбек етті.

Апта соңында Райымбек Баталов «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы болып сайланды.

Сонымен қатар, Нариман Әбілшайықов «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқаратыны белгілі болды.

Одан бөлек, Мақсат Қиқымов Атамекен ҰКП басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Nur Media холдингінің бас директоры қызметіне Руслан Әлішев тағайындалды.

Руслан Әлішев М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің түлегі.

2020 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін атқарды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале