Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары алғаш рет аутизм мен аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған арнайы даму бағдарламасы әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Брифинг барысында диагностика-кеңес беру бөлімінің меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты Әлия Ерсарина психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін оңалту орталықтарының, түзету кабинеттерінің, арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының психологтарына арналған «Аутизмі бар балаларға арналған арнайы дамтыу» бағдарламасы жайында айтты. Бұл бағдарламаны ата-аналарды аутизмі бар баланы дамыту жұмысына тарту мақсатында қолдануға болады.
«Бұрын мұндай бағдарламалар болмағанын айта кетейін. Бұл бағдарламаны әзірлеудің қажеттілігі мен өзектілігі елімізде аутизммен ауыратын балалар санының жыл сайын көбеюімен байланысты. 2021 жылдың соңғы деректері бойынша аутизм белгілері 8 796 баладан анықталды. Екіншіден, дәл осы санаттағы балалар үшін білім беру жүйесінде оқыту мен тәрбиелеуді дамытатын арнайы бағдарлама жоқ», - деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бөлім меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты Әлия Ерсарина.
Ол бұл бағдарлама аутистикалық бұзылулары бар балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін оңалту орталықтары, түзету кабинеттері, арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының психологтарына арналғанын атап өтті. Бағдарламаны ата-аналар аутист баланы дамыту жұмыстарына да қолдана алады.
«Бағдарлама ең алдымен аутизмі бар балалардың ең маңызды мәселелерін, яғни, қоғаммен қарым-қатынастың бұзылуы және әлеуметтік өзара әрекеттесуді жеңуге бағытталған. Бағдарлама баланың айналасындағы және жақын адамдармен, құрдастарымен және ересектермен қарым-қатынас жасауға, өзара әрекеттесуіне бағытталған. Баланы жалпы білім беру процесіне қосуға дайындау. Сонымен қатар, ата – аналар мен аутист балалардың отбасын дамыту бағдарламаларына тарту өте маңызды», - деп атап өтті спикер.
Бағдарлама бірнеше кіші бағдарламаларға бөлінеді. Біріншісі: аутизм спектрінің жеңіл және орташа бұзылулары бар ерте және мектеп жасына дейінгі балаларға, екіншісі: аутизм спектрінің ауыр бұзылулары бар балаларға, үшіншісі: аутизм спектрінің жеңіл және орташа бұзылулары бар мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға, төртіншісі: аутист баланы отбасымен бірлесіп жұмыс істеу, қатыстыру бағдарламасы.
«Бағдарламаны әзірлеу кезінде біз ең заманауи әдіснамалық тәсілдерге, әдістемелік әдістерге, аутист балалармен жұмыс істеу бойынша түрлі технологияларға сүйендік. Авторлық бағдарламалар да қолданылады», - деді спикер.
Айта кетейік, ьүгінгі таңда Қазақстанда 460 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде облыстар мен қалалар бойынша: арнайы мектепке дейінгі ұйымдар – 44, арнайы мектеп ұйымдары – 99, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері – 207, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар – 88, оңалту орталықтары – 13, autism орталықтары - 9.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда, жалпы білім беретін ұйымдардың жанындағы арнайы топтар мен сыныптарда да жүзеге асырылады.
Фото: kaz.elorda.info