Біз балыққа бай Индонезия немесе Норвегия емеспіз. Бірақ балық өндіру ісінен алдыңғы шептегі 100 елдің қатарында болуға тиіспіз.
Сурет: eldala.kz
Осылай деген депутат Сергей Пономарев. Балық пен теңіз өнімдерін тұтыну көлемі жыл сайын азайып бара жатқанын жеткізді. Бүгінде жан басына шаққанда бір тұрын жылына небәрі 3 келідей балық жейді. Мәжілісменнің айтуынша, құзырлы министрлік балық өсіруді тек қағаз жүзінде орындап келеді. Елде осы кәсіппен айналысатын 25 ірі және шағын мекеме болса, соның тек 4-еуі ғана – мемлекеттік. Көбінің материалдық-техникалық жағдайы нашар, инкубациялық технологиясы жарамсыз.
Сергей Пономарев балықшылардың жалақысы мардымсыз екенін де тілге тиек етті.
– Министрліктің есебіне сай, қабылданған бағдарламаға сәйкес елдегі су айдындарында жылына 600 мың тоннаға дейін далық өсіруге болады. Бұл көрсеткішке 2040 жылы қол жеткізуіміз керек. Ал 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өндірілуі тиіс. Ішкі тұтыну көлемін жылына 67 мыңнан 137 мың тоннаға дейін, экспортты 30 мың тоннадан 180 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті тұр. Өкінішке қарай, балықты қорадағы сиыр немесе жылқыдай санап шыға алмаймыз. Салада көмескі тұстар көп. Қаржы жөнсіз жұмсалып жатыр. Ауыл шаруашылығында жалақы төмен, ал балықшылардікі оның ішінде ең төменгі саналады, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев.