1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2022» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтеді, деп хабарлайды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, жыл сайын балықтардың бағалы түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының қызметкерлері балықтардың, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу орындарына қоныс аударуын қамтамасыз ету мақсатында балықтардың заңсыз аулануына және айналымына қарсы іс-қимыл бойынша күш-жігерін біріктіреді.
Балық қорғау шараларының тиімділігін арттыру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрлерінің және Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрығына қол қойылды.
Жоғарыда көрсетілген бұйрық шеңберінде балық қорғау акциясын өткізу кезінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ акция кезіндегі бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Үйлестіру штабына басшылық ету Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетіне жүктеледі.
Акция аясында браконьерлік фактілері болуы ықтимал жерлерде стационарлық және жылжымалы бекеттер, мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылды.
Негізгі күштерді Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясына және Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістіктеріне шоғырландыру ұсынылады, өйткені бұл жерлерде браконьерлік фактілері жиі тіркеледі.
Бұдан басқа, акция кезінде әуежайларда, вокзалдарда және ірі автотрассаларда балық және балық өнімдерін республикадан тыс жерлерге әкетуге бақылау күшейтіледі. Сондай-ақ республика аумағында балықтың заңсыз айналымы фактілері анықталып, жолы кесілетін болады.
Өткен жылдардағы балық қорғау акциясының нәтижелері Көктемгі Науқан кезеңінде браконьерлік топтардың қызметі жандана түскенін көрсетеді.
«Бекіре-2021» акциясы барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдары табиғат қорғау заңнамасын 1262 бұзушылықты анықтады, оның ішінде Атырау облысының аумағында - 952, Маңғыстау облысында – 137 және Батыс Қазақстан облысында-173 құқық бұзушылық.
862 құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылып, 56 қылмыстық іс тіркелді.
Акция қорытындысы бойынша балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 15,4 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды, бұзушылардан 35,7 тонна балық, оның ішінде 4,6 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері, 118 бірлік жүзу және көлік құралдары, сондай – ақ 3943 бірлік аулау құралдары тәркіленді.