Қазақстанда жанар-жағармайдың, соның ішінде дизель отынының тапшылығы байқалып отырған жоқ. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды.
Вице-премьер ішкі мұнай өнімдерінің нарығында теңгерім сақтау үшін 2022 жылдың аяғына дейін мұнай өнімдерін Қазақстан аумағынан сыртқа әкетуге тыйым салу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті. Ал ішкі нарықта жанармай саудасының шектеулі көлемде ғана жүруін болдырмау үшін сұраныс, ұсыныс, баға теңгеріміне ұдайы талдау жасалып отыр.
«Бүгінде мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істейді. Оған қоса жанармай өндіру және тарату жүйесін реформалаудың кешенді шаралары қабылданды. Ол бойынша өнімсіз делдалдарды нарықтан ығыстырып, мұнайды өңдеуші зауыттарға жеткізу схемасы қайта қаралады. Осылайша Үкімет жанар-жағармай бағасының негізсіз әрі күрт өсуін болдырмау үшін қажетті шараның бәрін қабылдап жатыр», – дейді Роман Скляр.
ulysmedia.kz