Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасында бедеулік мәселесі бар. Отбасылы жұптардың шамамен 15%-ы сәби сүйе алмай жүр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Олардың жартысының дәрі-дәрмектің көмегімен табиғи жолмен көтеруге мүмкіндігі бар, ал кейбір отбасылар қосалқы репродуктивті технологияларға (ҚРТ) жүгінгені жөн.
Қазан айында ЭКҰ (экстракорпоралдық ұрықтандыру) бағдарламасы бойынша 25 мыңыншы нәресте дүниеге келді, - деп мәлімдеді ҚР ҰҒА академигі және ҚР ДСМ штаттан тыс бас репродуктологы Вячеслав Локшин.
Бедеулік – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Оның себебін акушер-гинекологтар, урологтар, андрологтар, психологтер және басқа мамандар бірігіп анықтайды. Тіпті, бедеулік екі жастың ажырасуына да түрткі болып жатады.
Тарихқа көз жүгіртсек: өткен ғасырдың 60-жылдардың ортасынан бастап биолог, физиолог Роберт Эдвардс пен гинеколог Патрик Стептоу ЭКҰ технологиясымен жұмыс істеп, зерттеу жүргізді. 600-ге жуық әрекет нәтиже бермеді. Көбіне эктопиялық жүктіліктің салдарынан баланы алып тастауға мәжбүр болды немесе табиғи түсік орын алды. Тек 1978 жылдың шілдесінде көптен күткен "пробиркадағы бала" Луиза дүние есігін ашты, анасы ағылшындық Лесли Браун еді. Луиза тарихтағы жасанды ұрықтандырудың нәтижесінде туған алғашқы бала ретінде тіркелді.
Қазақстандағы ЭКҰ бағдарламасы
2010 жылы Қазақстанда квоталардың арқасында ЭКҰ процедурасынан тегін өту мүмкіндігі пайда болды. Ол кезде 100 квота бөлінсе, 2020 жылы екі мыңға жуық квота берілді.
2020 жылғы 1 қыркүйекте "Аңсаған сәби" бағдарламасы қосылды, ол 2021 жылы ЭКҰ-ға квоталар санын жеті мыңға жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл кезекті айтарлықтай қысқартты: қазір ЭКҰ-ға мыңға жуық отбасы өз кезегін күтуде.
Қазақстанда алғашқы ЭКҰ зертханасы 25 жыл бұрын ашылды. Онда ерлер мен әйелдердің бедеулігін емдеу үшін репродуктивті технологиялар зерттелді.
Қазақстанда шамамен 5-6 жыл бұрын time lapse бағдарламасы іске қосылды. Бұл технология жасанды интеллектпен жабдықталған, соның арқасында жатыр қуысына берілетін оңтайлы эмбрионды таңдауға болады. Бір минут ішінде эмбрионның қалай дамитынын, жұмыртқа ішіндегі ерлер мен әйелдер ядроларының бірігуін көруге болады. Бес күн ішінде инкубация жүреді, эмбрионмен болатын барлық процестер көрінеді.
ЭКҰ бағдарламасы бойынша жүкті болу мүмкіндігі Еуропада 26-28% құрайды, ал Қазақстанда – 34%-ға жетті.
Ерлер мен әйелдердің бедеулік мәселесі
Әдетте, әйел сәби көтере алмаса, өзін кінәләйді. Алада әлемдік статистика еркектердің бедеулігі 30-50%-ды құрайтынын көрсетті. Уролог-андролог, медицина ғылымдарының кандидаты Юрий Лавров оған ерлердің психологиясы себеп екенін айтады: ер-азаматтар өздерінің мәселесі жайлы айтудан қорқады, сәби мәселесіне келгенде мүлде айтпайды. Бұл психологиялық тосқауылдың бір түрі деуге болады.
Еркектердің 30%-да идиопатиялық бедеулік бар. Ерлердің 15%-ы варикоцеле-сперматикалық сым мен ұрықтың варикозды тамырларынан зардап шегеді, бұл сперматозоидтардың пайда болуын тоқтатуы мүмкін.
Сонымен қатар, гормоналды және репродуктивті әлеует төмендеген кезде гипогонадизм болады. Алайда мамандар уақытылы емделсе, бұл аурулардан жазылуға мүмкіндік бар екенін айтады.
"Бір жылдан астан уақытқа созылған пандемия кезінде коронавируспен қатты ауырған ер адамдарда репродуктивті проблемалар болуы мүмкін екенін байқадық. Ол уақытша, бастысы – уақытылы дәрігерге қаралу. Себебі бірнеше айдан кейін репродуктивті функциялар қалпына келеді", – дейді Юрий Лавров.
Жалпы вирустың ұрыққа тікелей әсер ететіні жайлы нақты зерттеулер жоқ.
Әйелдерде жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды қоспағанда, бедеуліктің себептері гинекологиялық аурулар болып табылады (жатырдың созылмалы қабынуы, аналық бездердің кисталары, жатыр миомасы, эндометриоз). Сондай-ақ, бедеулік түсік түсіру, түсік тастау және темекі, алкоголь сынды зиянды әдеттердің салдарынан болуы мүмкін. Орта жастан асқан соң да бала көтеру қиындай түседі.
Бедеулік – көп отбасы үшін үлкен мәселе. Алайда сәби сүйгісі келетін жұбайлар бірге тексеріліп, бірге емделу керек. Сонда ғана отбасына көптен күткен қуаныш орын алмақ.