ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, кейіннен қайтару арқылы өтеусіз пайдалану шартымен азаматтарды жекелеген техникалық оңалту құралдарымен (бұдан әрі – ТОҚ) қамтамасыз ету бойынша пилоттық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Осыған байланысты бірлескен бұйрық жобасы туралы ақпарат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Фото: https://www.gov.kz
Пилоттық жоба Абай облысында, Павлодар өңірінде және Шымкент қаласында іске асырылады.
Мүгедектігі бар адамдарға өтеусіз пайдалану негізінде мынадай жекелеген ТОҚ түрлері ұсынылатын болады: протездік-ортопедиялық (мысалы, жүріп-тұруға арналған құрылғылар, ұстағыштар және т.б.), сурдоқұрылғылар, тифлотехникалық құралдар, гигиеналық жабдықтар және арнайы қозғалыс құралдары.
ТОҚ-мен қамтамасыз етудің жаңа тетігінің маңызды аспектісі – оңалту құралдарының тозу деңгейін айқындайтын, оларды уақтылы жөндеу немесе ауыстыру арқылы тиісті техникалық күйге келтіруді қамтамасыз ететін әлеуметтік-техникалық сараптама қызметін құру болып табылады.
Пилоттық жоба Қазақстан Республикасының 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивтік саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген. Жоба ТОҚ-ны ұтымды пайдалану тетігін енгізуге, заманауи үлгілердің сапасын жақсартуға және қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға және олардың қоғамға сіңісуіне оң әсерін тигізеді.