Қазақстан көптеген салада қаржы индустриясын цифрлық дамыту бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Цифрландыру бүкіл әлем бойынша қаржы нарықтарын қалпына келтірудің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Қазақстан көптеген салада қаржы индустриясын цифрлық дамытудың алдыңғы қатарында келеді. Цифрлық сервистердің ықпалымен біз елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің айтарлықтай өскенін байқап отырмыз. Осылайша, 5 жыл ішінде халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдерінің көлемі 26 есе өсті, ал Интернет және мобильді сервистер арқылы төлемдердің үлесі 22%-тен 83%-ке дейін ұлғайып, рекордтық көрсеткішке жетті», - деді Е. Досаев.
Ұлттық банк төрағасы өзгерістер қарқынын тоқтатпай, қаржы саласын одан әрі цифрландыруды қолдау қажеттігін айтты.
«Қаржы нарығының бәріне бірдей қолжетімді цифрлық инфрақұрылымы – Ұлттық банк үшін басым бағытта. Президент тапсырмасымен құрылатын Ұлттық төлем жүйесі мен Цифрлық биометриялық сәйкестендіру платформасы – оның маңызды құрамдас бөліктері. Аталған реформалар қаржылық қызмет көрсету саласын барынша жоғары сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Жаңартылған цифрлық инфрақұрылым нарықтың барлық қатысушылары үшін қолжетімді болады және жаңа буынның қаржылық сервистерін жылдам және арзан жасауға мүмкіндік туғызады», - деп түсіндірді Е. Досаев.