23.12.2021, 15:00
Оқылды: 29

Қазақстанда қосымша 28 сейсмикалық станция орнатылады

Бүгінде елімізде сейсмикалық қауіптің алдын алу мақсатында 63 сейсмикалық станция жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы 28 станция орнатылмақ. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

13

«Бүгінде еліміз бойынша сейсмикалық қауіпті аймақтарда жер сілкінісін болжау және сейсмикалық қауіп-қатерді төмендету мақсатында 63 стационарлық станция жұмыс істеп тұр. Цифрлық технологияларды дамыту аясында Алматыда жер сілкінісін ерте хабарлайтын 9 автоматтандырылған сейсмостанция орнатылды. Оның көрсеткішін мобильдік қосымша арқылы көруге болады. Болашақта тағы 28 cтанция орнату жоспарлануда. Еліміздің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2023 жылға дейінгі жол картасы бекітіліп, оның аясында 20-дан астам іс-шара қолға алынбақ», - деді Юрий Ильин ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, биыл 6 тұрғын үй, 37 денсаулық сақтау және 21 білім беру нысаны сейсмикалық бақылаудан өтті.

«Сейсмикалық құбылыстардың тәулік бойғы мониторингін сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция жүргізеді. Ал жер сілкінісі туралы болжау мен оның картасын әзірлеуді Сейсмология институты жүзеге асырады. Қазіргі уақытта Алматы қаласында сейсмикалық шағын аудандастыру жүргізіліп, Шығыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстары мен Өскемен қаласының сейсмикалық картасы әзірленді. Сондай-ақ, биыл қыркүйекте азаматтық қорғаныс органдары күштері мен құралдарын дайындау мақсатында Қырғызстан мен Өзбекстанның шекара маңы елдерінің бөлімшелерімен «ЖЕР-2021» халықаралық оқу-жаттығуы өткізілді», - дейді ол.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале