Қазақстанда ерекше күтімді талап ететін жандар үшін олар жиі қолданатын нысандардың картасы әзірленді. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің соңғы отырысында елімізде мүгедек жандардың сұранысына ие нысандардың картасын әзірлеуді тапсырды. Себебі елімізде соңғы уақытта салынып жатқан нысандар мүгедек жандардың талабына сәйкес келеді. Яғни пандус, арнайы лифт қарастырылған тағы сол секілді. Ал бұрын тұрғызылған ғимараттардың көбісі ерекше жандардың қолдануы үшін ыңғайсыз. Осы орайда елімізде мүгедек жандардың қандай нысандарды жиі қолданатыны немесе баратыны сарапталады», - деді Ерлан Қарин «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында. Сондай-ақ, Президент көмекшісі бүгінде аталған тапсырманың іске асып жатқанын айтты.
«Президент тапсырмасына сәйкес ел көлемінде 35 нысанның картасы әзірленді. Карта бүгінде арнайы сайтта жарияланды және ол мүгедек жандарды әлеуметтік қолдау деп аталады. Алдағы уақытта жыл сайын еліміз бойынша 4 мың нысан мүгедек жандар үшін ыңғайлы етіп қайта жасақталады. Яғни тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз етіледі. Бұл ерекше жандардың тіршілігін жақсарта түсу жолында жасалып жатқан шаруаның бірі», - дейді ол.
Оның айтуынша, аталған тапсырманы орындау туралы жоспарға сәйкес 2025 жылы ел көлемінде 22 мың нысан мүгедек жандардың игілігіне жарамақ.
Бұған дейін Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдау аясында жүктеген міндеттердің қалай іске асып жатқаны туралы айтып берген еді.