«Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Жаңа редакциядағы бұйрық мемлекеттік бюджет есебінен ӘҚП арқылы оңалту құралдары мен қызметтерін алуды реттейді.
Сондай-ақ, құжатта жеке көмекшінің сүйемелдеу парағын және ымдау тілі маманының қызмет көрсету парағын электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы әлеуметтік қызметтер порталында келісу мүмкіндігі регламенттелген.
Техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды жеке таңдау қажеттілігін ескере отырып, бұйрықта олардың түрлері, медициналық көрсеткіштері және оларға қарсы көрсетілімдер жазылған.
Мысалы, егер бұрын оңалтудың жеке бағдарламасында (бұдан әрі – ОЖБ) тек бөлме немесе серуен кресло-арбасын ұсынса, енді олардың саны 5-ке дейін артты (белсенді, көпфункциялы, электржетегі бар, қол, иінтіректі жетегі бар).
Бұдан басқа, «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығына (бұдан әрі – МӘС) өзгерістер енгізілді.
Түзетулердің негізгі мақсаты – ескірген құқық нормаларын жою үшін құжатты қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келтіру. Атап айтқанда, «МӘС қорытындысы» және «Пациенттің/мүгедектің ОЖБ-сының медициналық бөлігі» нысандарының нөмірлері өзгертілді.
Бұдан басқа, көрсетілетін қызметті алушының медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу нәтижелері бойынша құжаттарды (мүгедектігі туралы анықтама, ОЖБ-дан үзінді көшірме, жалпы/кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі туралы анықтама және т.б.) электрондық форматта ЭЦҚ немесе бірреттік парольді пайдалана отырып, eGov.kz Электрондық үкімет порталындағы «Жеке кабинет» арқылы алу мүмкіндігі бөлігінде норма енгізілді.