ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сауда комитетінің төрағасы атап өткендей, соңғы 2 жылдағы үрдіс бүкіл әлем бойынша азық-түлік бағасының айтарлықтай өсуі болып табылады. 2020 және 2021 жылдары Сovid-19 салдарынан логистиканың күрделілігіне көптеген елдерде құрғақшылық және нәтижесінде әлемдік нарықтардағы бағаның өсуі қосылды. Қазақстан да бұдан тыс қалған жоқ. Бүгінгі басты міндет - бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу. Бұл бойынша Министрлік орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізуде.
Біріншіден, азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің нақты және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Егіс алқаптарын және әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндіруге арналған басым дақылдар өндірісін ұлғайту жоспарланған. Қазіргі уақытта елімізде негізгі азық-түлік тауарларының 5 айлық қоры қалыптастырылды. Тұтынушы үшін бағаны төмендету үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін (тізбеде олардың 19 түрі) 15-тен 10% - ға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, жергілікті бюджет есебінен тұрақтандыру қорларын қаржыландыру және сауда желілерін кредиттеуді 140 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда (бүгінгі күні 70 млрд теңге бөлінді).
Екіншіден, маусымаралық кезеңде Орталық Азия елдерінен ерте импорттық жеміс-көкөніс өнімдерін форвардтық сатып алуды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Министрлік пен әкімдіктер жұмысының қосымша блогы мемлекеттік бақылауды күшейту болып табылады, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұртшылықты тарту арқылы сауда үстемесін және сыйақыны бақылау бойынша жұмысты күшейтеміз», - деді Ержан Қазанбаев.